Жаңалықтар

Әрбір алаяқтық әрекеттің артында банктер тұр – Бақытжан Базарбек

Депутат әрбір алаяқтық әрекеттің артында банктер тұрғанын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әрбір алаяқтық әрекеттің артында банктердің мүддесі тұрғанын, ал әрбір жеке деректердің таралып кетуінің артында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ лауазымды тұлғалары тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы депутат мәжіліс кулуарында айтты.

Депутаттың айтуынша, 2025-2027 жылдардың бюджетінде ақпараттық қауіпсіздікке қомақты қаражат бөлінген. Одан бөлек 2020 жылдан бастап елде цифрландыру жүргізіледі. Бірақ қаражат жыл сайын бөлініп жатқанына қарамастан, Қазақстан азаматтарының цифрлық қауіпсіздігі лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген.

«Қомақты қаражат бөлініп жатыр, бірақ одан ешқандай нәтиже көріп отырған жоқпыз. Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігі сақталмайды. Олардың фото-видеосын алаяқтар өз мүдделеріне пайдаланып жатыр. Тексеріп жатқан ешкім жоқ. Әлеуметтік желілер бақыланбайды. Ал құзырлы органдар әрекетсіздік танытып отыр. Мен әрбір алаяқтықтың артында үлкен жемқорлық жатыр деп ойлаймын. Қандай да бір киберқылмыс жасалып, оған қатысты мемлекет ешқандай шара қолданбаса, демек мұнда жемқорлық бар деген сөз»,- дейді депутат.

Сонымен бірге Базарбек әрбір жеке деректердің таралуының артында біреулердің мүддесі тұрғанын айтады.

«Жеке деректердің таралуының артында Цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының лауазымды тұлғалары да тұруы мүмкін. Ал әрбір алаяқтықтың артында банктер тұр. Әр банкте азаматтардың жеке деректерін тарататын адам отыр. Мен прокуратураға осы фактілерді мұқият тексеруді сұрап, сауал жолдадым»,- дейді депутат.

Еске сала кетсек, сонымен бірге мәжілісте ЖСДП фракциясының депутаты Асхат Рахымбаев та осы мәселені көтерген болатын. Ол банктердің алаяқтарға қатысы бар-жоғын тексеру қажет деп санайды. Ал мұндай заңсыз жолмен азаматтардың мойнына ілінген қарызды банктердің өздеріне төлету қажет деген ұсыныс айтты.