Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов банктердің алаяқтарға заңсыз несие рәсімдеуге қатысы бар-жоғын анықтауды ұсынды. Сонымен бірге мұндай жолмен азаматтардың мойнына жүктелген қарызды банктердің өз есебінен төлеуді міндеттеуді сұрады. Бұл жайлы депутат өзінің депутаттық сауалында айтты.
Рахымжановтың айтуынша, партияға алаяқтардың алдауына түсіп, қарызға батқан адамдардан шағым көп келеді екен. Тіпті egov.kz арқылы онлайн несие алуға тыйым салу тетігі де жұмыс істемейтінін айтады. Өйткені алаяқтар азаматтардың деректерін қолды қылып, ол тыйымды оңай алып тастай алады. Осындай алаяқтық жолмен мойнына қарыз ілінген адамдар түбінде сол несиені өздері төлейді. Себебі мұндай соттар үнемі банктердің пайдасына шешіледі.
«99% жағдайда алаяқтық фактісі әшкере болған күннің өзінде соттар банктердің пайдасына шешім шығарып, жәбірленушілер несиені қайтаруға міндеттеледі», – дейді депутат.
Осы орайда депутат банктердің мұндай алаяқтыққа қатысы бар болуы мүмкін деген ойын ортаға салды. Рахымжановтың айтуынша, банктер азаматтардың жеке деректеріне қатысты қауіпсіздікті лайықты деңгейде сақтамайды. Өйткені алаяқтардың араласуымен несие талаптарына сай келмейтін азаматтарға оңай әрі үлкен сомада несие рәсімделіп жататынын жағдайлар көп. Осыған байланысты банк қызметкерлері азаматтардың жеке деректерінің құпиялылығын сақтауда өз міндеттемелерін дұрыс орындамауы мүмкін деген орынды күмән туады.
«Банк қызметкерлері осындай қылмыстық схемалардың ықтимал қатысушылары емес пе деген сұрақ туындайды. Әдетте банктер несие беру талаптарына сай келмейтін, тиісті кірісі жоқ адамға қарыз беруден бас тартады. Бірақ біздің партияға келген хаттарда тіпті зейнеткерге бірнеше рет несие рәсімдеу жағдайлары кездескені туралы айтылады. Демек кінәрат банктің өзінде болып тұр», – дейді депутат.
Рахымжанов қылмыстық топтың алаяқтық схема бойынша жұмыс істейтінін, ол алаяқтардың жеке деректерге оңай қол жеткізе алатынын, соттардың бір ауыздан банктерді қорғайтынын, елде алданған азаматтардың талаптары мен өтініштерін елемейтін құқық қорғау органдары жұмыс істейтінін айтты.
«Нәтижесінде банктер мен олардың иелері мен соларды қорғап отырған әлдебіреулер байып жатыр», – дейді Рахымжанов.
Осы мәселелерді көтерген депутат Қаржы реттеушілері тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, екінші деңгейлі банктердің барлық келісіміне тексеру жүргізуді, ол құжаттан Қазақстан заңнамасына қайшы келетін тармақтарды алып тастауды ұсынды. Бұл жұмысқа білікті заңгерлер тартылуы қажет деп санайды.
«ЖСДП фракциясы Қазақстанда онлайн несиелеуге тыйым салуды енгізу туралы бұрын айтылған өтінішті қолдайды. Сондай-ақ банктердің кесірінен зардап шеккен азаматтардың несиелерін есептен шығаруды ұсынамыз. Есептен шығару міндетті түрде банк есебінен жүргізілуі керек. Сонда ғана олар өздерінің ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейту туралы тағы бір рет ойланып, соған мүдделі болады. Бас прокуратура банктердің алаяқтық жолдармен несие берген банктерге қатысты тексерулер жүргізуін және олардың алаяқтарға қатысы бар-жоғын тексеруді талап етем», – деді депутат.