Президент Ұлытау облысы әкімін қызметінен босатты

Жарияланды
Берік Әбдіғалиұлы әкімдік қызметінен босатылды / Фото: gov.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау әкімі Берік Әбдіғалиұлын қызметінен босатты. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылды»,- делінген хабарламада.

Берік Әбдіғалиұлы облыс әкімі лауазымына дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымдағы депутаты болған. Ал депутат мандатын алмай тұрып, 2019-2021 жылдар аралығында Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі қызметін атқарған.

Сонымен бірге әр жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласы әкімінің орынбасары, Жезқазған, Арқалық қалаларының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымдары бойынша қызмет еткен.

2007-2008 жылдары президент әкімшілігінде де қызмет етіп, онда ҚР Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. Одан кейін «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» ҚҚ директоры, 1-ші вице -премьердің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі, бас ғылыми қызметкер, ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің бас ғылыми
қызметкері сынды қызметтер атқарған.

Ал 2017 – 2019 жылдары – ҚР Ұлттық музейінің «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі қызметінде жүріп, мәжіліске депутаттыққа ауысқан.

Еске сала кетсек, Берік Әбдіғалиұлы облыс әкімі қызметін атқарған кезеңде экс-премьер-министр Әлихан Смайыловтан бірнеше рет сын естіген. 2023 жылдың күз айында кейбір инфрақұрылымдық жұмыстардың аяқталмауы салдарынан өңірде жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосу кешіктірілген. Осы жұмыстарды үйлестірмегені үшін бұрынғы үкімет басшысы облыс әкімін сынға алған болатын.

«Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешіңіз, ұйымдастырыңыз»,- деді Смайылов.

Ал 2023 жылдың желтоқсан айында Смайылов стихиялық қоқыстар санын азайтпағаны үшін Ұлытау облысының әкімдігіне сөгіс жариялаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз