Үкімет интернет аялақтарға көмектесетін «дропперлерге» қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді
Үкімет интернет алаяқтарға ақшаны жылыстатуға көмектесетін «дропперлерге» қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді. Бұл жайлы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттардың сауалына берген жауабында айтылған.
Үкімет басшысынан депутаттар алаяқтарға қатысты жазаны қатаңдатуды сұраған. Бектенов алаяқтық үшін онсыз да қатаң жауапкершілік қарастырылғанын, қылмыстық заңнаманың қолданыстағы санкцияларына сәйкес 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтқан. Ал интернет алаяқтарға қол ұшын беретін делдалдарға жазаны қатаңдату мәселесі талқыланып жатқанын атап өткен.
«Қазіргі уақытта Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде уәкілетті органдар заңсыз ақшалай қаражатты «жылыстату» және шығару жөніндегі негізгі фигуранттар болып табылатын «дропперлер» деп аталатын топтың қылмыстық жауапкершілігін енгізуді пысықтауда», – делінген жауапта.
Ал «дропперлерді» негізінен елден тыс жерде жұмыс істейтін алаяқтар пайдаланады. Осы орайда Қазақстанның құзырлы органдары аялақтарды қудалау үшін Халықаралық ынтымақтастықты нығайту шараларын қабылдаған. Сонымен бірге Қазақстан Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылмақ. Ол құжат ратификацияланса, құқық қорғау органдары 72 елмен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік алады.
Бұдан бөлек ІІМ қолданыстағы халықаралық келісімдер негізінде бірнеше елмен бірлесе жұмыс жүргізеді. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың сәуір айында Украинаның құқық қорғау органдарымен бірлесіп Одесса мен Запорожьеде 5 Call-орталығын жойған. Қылмыстық топтың 30-ға жуық мүшелері Еуропа мен Қазақстан азаматтарын алдап келген. Ал осы жылдың қыркүйек айында дәл осылайша заңсыз жолмен ақша табумен айналысқан қылмыстық топ Алматыда құрықталған. Бұл топтың 50-ге жуық қатысушылары Иран, АҚШ, Малайзия және ҚХР азаматтарын алдап келген.
«Киберқылмыстарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа жедел ден қою мақсатында ІІМ киберқылмыспен күрес мәселелері бойынша 102 мемлекеттің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасауға арналған Ұлттық байланыс пунктінің жұмысы жолға қойылды», – дейді Бектенов.
Сонымен бірге алаяқтық қоңыраулар мен хабарламаларды бұғаттау үшін антифрод жүйелерін қолдануға қатысты 2022 жылы Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жалған нөмірлерден түсетін «шетелдік» қоңырауларды бұғаттау жүйесін енгізген. Нәтижесінде ұялы байланыс операторлары шетелдік алаяқтардың 58 миллионнан астам қоңырауын бұғаттаған.
Ал 2023 жылғы қарашада ІІМ «Қазақтелеком» АҚ-мен бірге шет елдерден қалалық байланыс желілеріне келіп түсетін алаяқтық белгілері бар қоңырауларды тану және бұғаттау механизмін сынақтан өткізіп, нәтижесінде 2 миллионнан астам күдікті қоңырауларға тосқауыл қойылған.
Алайда қылмыскерлер халықты алдаудың жаң тәсілдерін тапқан. Олар WhatsApp, Telegram арқылы қоңырау шалып, алдауға көшкен. Мұндай қоңырауларға тосқауыл болу үшін ІІМ байланыс операторларымен бірге оларды анықтау әдістемесін әзірлеп, қолданысқа енгізген. Нәтижесінде осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында 19 құрылғы мен 6 мыңнан астам SIM-карта анықталған.
Бектенов алаяқтарға тосқауыл болу мақсатында Цифрлық даму министрлігі SIM-карталарды тіркеу кезінде абоненттерді міндетті биометриялық сәйкестендіруді енгізу, сондай-ақ фрод-трафик пен СИП-телефонияны өткізіп жібергені үшін байланыс операторларының жауапкершілігі мәселесін пысықтап жатқанын айтқан.