Қыркүйек айында бас құрылысшылар мен авиация саласының инженерлеріне, тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет басшыларына сұраныс артқан. Жұмыс берушілер мұндай маман иелеріне 500-700 мың аралығында жалақы ұсынған. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәліметтерде жазылған.
Министрлік мәліметінше, қыркүйек айында бұл мамандықтарға жұмыс берушілер мынадай көлемде жалақы ұсынған:
- бас құрылысшыларға – айына 716 мың теңге;
- авиация саласындағы инженерлерге – 565 мың теңге;
- тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет бастықтарына – 502 мың теңге.
Жалпы қыркүйек айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасына 136,6 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Бұл көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда 4%-ға артық. Бос жұмыс орны артқанымен, бұл айда жұмыс іздеушілер белсенділігі төмендеген. Электронды еңбек биржасына жұмыс іздеушелер 122,5 мың түйіндеме жариялаған.
«Бұлайша, кадрларға сұраныстың айтарлықтай өсуі күзгі-қысқы жылыту маусымы мен өнеркәсіп, құрылыс және көлік жұмысшылары алдындағы жұмыс көлемінің ұлғаюына байланысты», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, білім беру саласына сұраныс жоғары. Өйткені электронды биржаға орналастырылған бос жұмыс орындарының үштен бірі осы салаға қатысты.
Білім беру саласында сұранысқа ие мамандықтар: тәрбиешілер – 2,7 мың бос жұмыс орны, математика мұғалімдері – 2,1 мың бос жұмыс орны, бастауыш сынып мұғалімдері – 2,1 мың бос жұмыс орны.
Ал денсаудық сақтау саласында санитарларға, медбикелерге, жалпы практика дәрігерлеріне сұраныс артқан.
Бос жұмыс орындар саны – Жамбыл облысы – 40%-ға, Түркістан облысы – 39%-ға, Шымкент қаласында -34%-ға артқан. Көрсеткіштердің көтерілуіне өңірлердегі экономикалық белсенділіктің артқаны әсер еткен.
Ал Атырау, Шығыс Қазақстан, Абай өңірлерінде керісінше бос жұмыс орындары азайған. Митнистрлік мұны маусымдық жұмыстардың аяқталуымен және басқа жергілікті факторлармен байланыстырады.
Бір қызығы, бұл өңірлерде жұмыс іздеуішілер саны да азайған. Мәселен, түйіндеме саны қыркүйек айында Атырау облысында – 49%-ға, 5,9 мыңға дейін төмендеген. Дәл солайша Абай облысында -20%-ға, Шығыс Қазақстан облысында -13%-ға дейін түскен.
Сондай-ақ Алматы қаласында да түйіндемелер саны-22%-ға және Қызылорда облысында -19%-ға, Алматы облысында -14%-ға, Маңғыстау облысында -13%-ға және Ақтөбе облысында -10%-ға азайған. Ал Астана қаласында төмендеу 9%-ды құраған.
Жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерінде келесі позициялар үшін ең жоғары жалақы сұраған:
- өндіруші өнеркәсіптің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары – 1,2 млн теңге;
- ақпарат және байланыс саласындағы басшылардың орынбасарлары – 858 мың теңге;
- коммерциялық сектордағы маркетинг қызметінің басшылары – айына 847 мың теңге.
«Осылайша, қыркүйек айында Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс іздеушілердің белсенділігінің төмендеуінің нәтижесінде бос жұмыс орындар санының артуы байқалды. Жұмыс динамикасы мен түйіндемедегі аймақтық айырмашылықтар елдегі экономикалық белсенділіктің біркелкі еместігін көрсетеді. Осыған қарамастан, сұраныс пен ұсыныстың біліктілік құрылымында тепе-теңдік бар», – деп хабарлайды министрлік.