Журналистер Мәдениет және ақпарат министрлігін сотқа берді

Жарияланды
Журналистер
Журналистер Мәдениет министрлігі бекіткен «Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесі» сөз бостандығын шектейтінін айтады / Коллаж: kursiv.media

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен «Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесіне» қарсы шағым түсірген. Журналистер бұл ереже сөз бостандығы мен конституциялық құқыққа қайшы келетінін айтады. Бұл жайлы «Әділ сөз» телеграм арнасында жазылған.

«Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қазақстандық тоғыз журналистің Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесін» бекіту туралы жаңа бұйрығының ережелеріне қарсы шағымданған ұжымдық талап арызын қабылдады. Талапкерлер бұл нормативтік құқықтық акт сөз бостандығы мен ақпарат таратудағы конституциялық құқығымызды өрескел бұзады», – делінген хабарламада.

Ережеде аккредиттелген журналистің мемлекеттік органдардан алынған ақпаратты басқа кез келген БАҚ арқылы таратуына тыйым салатын норма бар. Журналист басқа БАҚ-тарда акредиттелген болса да, бұл ақпаратты тарата алмайды. Егер БАҚ өкілі бұл шартты екі рет бұзса, алты айға дейін аккредитациясынан айырылуы мүмкін.

Шағымданушылар бұл ережеде көзделген талап Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, 39-баптарына және ҚР «Масс-медиа туралы» Заңына қайшы келетінін, журналистің ақпаратты еркін алу мен таратуға конституциялық құқығын шектейтінін айтады.

Осыған байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистердің мүддесін сотта қорғап, оларға құқықтық қолдау көрсетуді көздеп отыр.

«Аккредитациялаудың үлгілік ережесін енгізген кезде «Құқықтық актілер туралы» заң бұзылды. Өйткені үлгілік ереже қолданылу мерзімі өтіп кеткен соң, мерзімі жылжытылып, «өткен күнмен» бекітілді. Негізінен құқықтық актілер ресми жарияланғаннан кейін, күнтізбелік 60 күн өткенге дейін күшіне енбейтінін айтқым келеді. Мемлекет азаматтардан заңды мүлтіксіз орындауын талап етеді. Осы орайда жауапты органдардың заңнаманың процессуалдық талаптарын елемеуге моральдық та, заңдық та құқығы жоқ», – дейді қор президенті Карла Жаманқұлова.

Талап қойып отырған журналистер мемлекеттің ұйымдардың, министрліктердің ресми хабарламалары журналистің аккредитациясына қарамастан, барлық БАҚ-қа таратылатынын айтады. Осы орайда ақпаратты аккредиттеуге өтініш берген бұқаралық ақпарат құралдарында ғана жариялау туралы талапты орынсыз деп санайды. Өйткені бұл талап журналистік қызмет еркіндігін шектеп, ақпаратқа тең қолжетімділік қағидатын бұзады. Солайша мемлекеттік органда аккредитациясы бар және аккредитациясы жоқ журналистер арасында теңсіздік туындайды. Нәтижесінде қаламгерлер әртүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпаратты еркін тарату мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Ал ҚР Конституциясының 20-бабында сөз бостандығына, оның ішінде ақпаратты еркін алу және тарату құқығына кепілдік берілетіні жазылған.

«Мемлекет брифингтерде берілген ақпараттың халық арасында мүмкіндігінше, кең таралуына мүдделі болуы керек. Ал адамдардың жаңалықтарды алу әдеті әртүрлі, біреулер газет оқиды, енді біреулер әлеуметтік желіні ақтарады. Мемлекет ақпарат тарату арналарын шектемей, ақпараттың барынша көп адамдарға жетуін қамтамасыз етуі тиіс. Анонимді арналардың қаптаған уақытында кәсіби журналистердің авторлық контентіне шектеу қоюды – ақымақтық деп білем. Әділ сот біздің мүддемізге шешіліп, қоғамға ешқандай практикалық пайда әкелмейтін және кәсіби журналистердің жұмысын қиындататын бұл қисынсыз талап жойылатынына сенімдімін», – дейді ұжымдық шағымға қол қойған «Власть» интернет-журналы, Астана бюросының жетекшісі, Тамара Вааль.

Талапкерлер Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен бұйрықтың кейбір тармақтарын заңға қайшы деп танып, күшін жоюды талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз