Екі рет қылмыстық қудалаудан аман қалған экс-судья Светлана Жолманова қамауға алынды
Экс-судья Светлана Жолманова қамауға алынды. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тарай бастады.
Кейіннен бұл ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарына Алматы қалалық полиция департаменті растаған.
«Медеу аудандық полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті полицияға жеткізілді. Тергеу шаралары жүргізілуде»,- деп хабарлаған Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұрынғы судья бірнеше эрпизодтар бойынша, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдіктеліп отыр.
Айта кетейік, Светлана Жолманова осыған дейін де істі болған. 2021 жылдың көктемінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы қызметінде жүрген кезде де алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. ҰҚК сол кезде Жолманованың кабинетінде тінту жүргізіп, 10 мың доллар көлемінде ақша тауып алған. Ол бұл қаражатты «мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға көмектескен, алаяқтық әрекеттерді жасаған» деп күдіктелді. Тінту жүргізген күні ертеңінде Жоғары сот оны бар мәртебесінен айырды. Ал мамырда Тоқаевтың жарлығымен қызметінен босады.
Ал, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-судьяны екі рет күдікті ретінде таныған болатын. Екі рет сотқа ісі жолданғанымен Бас прокуратура екі іс бойынша да экс-судьяның кінәсін айғақтайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеп, істі тоқтатқан.
Ал, 2022 жылдың 12-қыркүйегінде Бас прокурор Берік Асылов Светлана Жолмановаға қатысты істің тоқталғаны туралы бұйрыққа қол қойылғанын жазды, ақпарат құралдары.