Жаңалықтар

Бразилия X әлеуметтік желісін бұғаттан босатты

X командасы Бразилия соты талабын орындаған/ коллаж: kursiv.media

Бразилия Федералды Жоғарғы соты 8 қазан, сейсенбі күні ел аумағында X әлеуметтік желісінің жұмысын жандандыруға рұқсат берді. Судья Александр де Мораестің шешімі бойынша миллиардер Илон Маскқа тиесілі платформа барлық талапты орындаған.

«X Бразилияға қайтып оралғанын мақтан тұтады. Он миллиондаған бразилиялыққа біздің таптырмас платформамызға қол жеткізуді қамтамасыз ету осы үдерісте маңызды болды. Біз қай жерде жұмыс жасасақ та, заң аясында сөз бостандығын қорғауды жалғастырамыз», – делінген X компаниясының басшылығы таратқан хабарламада.

Бразилия соты мен Илон Маск желісі арасында даудың созылғанына бір айдан асты. Қыркүйек айында тұтынушылар бір күн ғана Х-ке кіріп көрді.

Илон Маск Бразилия Жоғарғы сотының X әлеуметтік желісінің кейбір есептік жазбаларын бұғаттау туралы шешіміне қарсы шыққан. Бразилияның Бас прокуроры Хорхе Мессиас Масктың шешімін сынады. Жоғарғы сот X әлеуметтік желісіне 5 млн доллар көлемінде айыппұл салды.