Lifestyle

Саяхатқа шыққанда ақшасыз қалмас үшін ескеруіңіз керек 6 ереже

Саяхатқа шыққанда ақшасыз қалмас үшін ескеруіңіз керек 6 ереже / Фото: архив kursiv.media

Шетелге шыққанда ақша мәселесі үнемі ойда тұрады. Жоғалып қалмасын деп бір, жетпей қалмасын деп тағы уайымдаймыз. Әсіресе, бұрын-соңды саяхаттап көрмегендер қолма-қол ақша көбірек керек пе, әлде банк картасымен төлей береміз бе деп те екіойлы болады. Олай болса, бүгінгі материалымызда саяхатқа шыққанда ақшаны қалай ұстау керегін айтамыз. 

Ақша бар, бірақ төлей алмайсыз

Мұндай жағдай жиі кездесуі мүмкін. Айталық, банк картасында ақшаңыз бар. Бірақ такси тек қолма-қол ақша аламын дейді. Болмаса, өтіп бара жатып базар көріп қалдыңыз. Жеміс-жидектердің бағасы судай арзан екен. Енді көп қылып алып алайын десеңіз, қолыңызда жергілікті валюта жоқ. Болмаса, елден шығатын кезде ақша айырбастап үлгермей, өз елінің валютасын қолма-қол алып шығатындар болады. Ондай кезде тіпті қиын. Себебі сіздің ақшаңызды бұл жақтағы айырбастау бөлімшелері қабылдамауы мүмкін. Айталық, теңгені Еуропада еуроға айырбастай алмайсыз. Әлемнің біраз елінде көршілес елдер мен еуро, доллар сынды валюталарды ғана қабылдайды. Сондықтан шетелге шығатын кезде өз ақшаңызды қолма-қол алып шықпаңыз. Ол құр қағаз ғана болып қалады. Ендеше, басқа мемлекетке барарда алдымен ақша мәселесін қамдаңыз. Бірақ қолда бар ақшаның бәрін сол валютаға айырбастап тастауға асықпаңыз. Аздаған бөлігін ғана айырбастасаңыз жетеді. 

Картада да ақша ұстаңыз. Ал егер өз валютаңызды қолма-қол алып келіп, енді қалай айырбастауды білмесеңіз, мынадай лайфхак ұсынамыз: елге кеткелі жатқан таныс табуға тырысыңыз. Сенімді адам екеніне көз жеткізген соң, қолда бар ақшаны аманаттап, тапсырыңыз. Елге жеткен соң сіздің банктегі шотыңызға аударып беруін сұраңыз. Бұл жерде басты ескерту: ол адамға қаншалық сенуге болатынын тексеріп алуыңыз керек. Әйтпесе, ақшасыз қалуыңыз мүмкін. Келесі бір әдіс: қолында жергілікті валютасы бар отандас іздеп көріңіз. Егер ол сізден қолма-қол ақша алуға келіссе, айырбастап аласыз. Дегенмен бұл жағдайда сіздегі қағаз ақшаның қаншалықты шын екенін дәлелдеу керек болуы мүмкін. Өйткені алаяқ көп болғандықтан, басқа адамнан ақша алып, айырбастауға екінің бірі келісе бермейді. Десе де, шетелде жүргенде «ақша бар, бірақ ақшасыз қалған» жағдайда неше түрлі әдіс іздеп кетесіз. Ескерту: сізден ақшаны алып, комиссия ретінде беріңіз деп ақыры не жергілікті валюта бермей, не ақшаңызды қайтармай алып кететіндер де табылады. Осыны ұмытпаңыз. Сондықтан абзалы — елден шықпай тұрып бастапқы күндері керек болатындай сома шығарып алыңыз да, қалған ақшаны түгел картаңызға салып қойыңыз. Өз валютаңызбен жүрудің еш керегі жоқ. Осы ретте сізге шетелге шығарда ескеру керек басты ережелерді айтайық.

№1 ереже. Қолда қолма-қол ақша міндетті түрде болсын

Кей елдерде карта қабылдамауы мүмкін. Бір қарағанда бүкіл ел дамып кеткендей көрінуі мүмкін. Десе де, тек қолма-қол әдіс қолданатын жерлер кез келген елде табылады. Одан қала берді банкомат іздеп сабылуыңыз да ғажап емес. Сол себепті қолма-қол ақша болғаны дұрыс. Он жерден Америка не Еуропаға сапар шегіп жатсаңыз да, қалтада кемінде 200-300 еуро жүрсін. Даладағы жайма базардан зат ала салатын кезде карта қабылдамайтын жер болып шықса, қалтадан шығарып, төлей саласыз. Оған қоса, картаға қатысты әлдебір мәселе туындап қалса, проблема шешілгенше жұмсай тұратын ақша болғаны қашан да дұрыс. Әрі қолма-қол ақшаны алдын-ала айырбастап алыңыз. Әйтпесе, әуежайда көбіне курс өте тиімсіз болады. Ақша керек екен деп қап-қап қағаз ақша шығарудың керегі шамалы. Себебі бұл біріншіден, қауіпсіз. Біреу-міреу көре қалса, ұрлап кетуі мүмкін. Оған қоса, қолма-қол ақша сөмкеде тұрса, әрі ол өте көп болса, декларация тапсыру қажет болады. Мысалы Қазақстаннан шығар кезде қолма-қол ақша 10 мың доллардан көп болса, міндетті түрде оны қайдан алғаныңызды дәлелдеуіңіз керек болады. Басқа елден шығатын кезде де сондай талаптарға кезігесіз. Тіпті қолыңызда теңге тұрса да, кедендегілер оны доллармен есептей алады.   

Қолма-қол ақшаның керек болатын тағы бір жері — картаңыз бұғатталып қалған жағдайда. Шетелде неше түрлі жағдайға тап болуға дайын болыңыз. Мысалы естелікке кәдесый алайын деп сатушыға картаңызды бердіңіз делік. Бірақ транзакция жасалмайды. Бір кезде телефоныңызға карта бұғатталғаны туралы ақпарат келеді. «Не болып қалды екен?» деп уайымдайсыз. Сөйтсе, банк бұл транзакцияны күмәнді деп тауып, анық-қанығын білмейінше бұғаттай тұрған абзал деп шешкен болып шығады. Дәл сол жерде сіздің ашуыңызды тудыратын мәселе болғанымен, банкке қауіпсіздік үшін осындай шаралар қолдануға тура келеді. 

№2 ереже. Шетелге шығарда банкке ескерткен дұрыс

Картаның артында банктің байланыс нөмірі тұрады. Ең абзалы — сол нөмірге хабарласып, қашан саяхатқа шыққалы жатқаныңызды ескертіңіз. Мысалы қай әуежайдан түсесіз, қай елдерге барасыз — бәрін атап айтыңыз. Аустралияны Аустриямен шатастырып жібермес үшін операторға елдерді тағы бір қайталатып, қате кетпегенін тексеріп алыңыз. Айтарлықтай ұзақ уақытыңызды алмайды. Есесіне жоғарыда айтқан бұғат мәселесімен шетелде бас қатырмайсыз. Ал егер картаңыз бұғатталып қалған болса, онда бұл проблеманы шешудің жолдарын іздейсіз. Ең бірінші — банктің қолдау қызметіне хабарласасыз. Бұғатты шешіп, бүкіл операцияны өзіңіздің орындап жатқаныңызды растау үшін құпиясөзіңізді не жеке бас деректеріңізді айтасыз. Құпиясөзді ұмытып қалсаңыз, оператор басқа тәсілді айтып, көмектеседі. Банктің байланыс нөмірін жазып алыңыз. Қазір интернеттен оп-оңай тауып аласыз. Егер қоңырау шала алмайтын болсаңыз, онда бүгінде банктер мессенжерлер арқылы да өтінім қабылдай береді. Мобайл қолданба арқылы чатқа өтіп, операторға мәселеніңізді айтыңыз. Бұғаттан шешу процесі әр банкте әр түрлі жүреді. Біреуі санаулы минутта шешсе, енді бірі бірнеше күнге созуы ғажап емес. Барлығы банктің қауіпсіздік саясатына байланысты. 

№3 ереже. Бірнеше карта ұстаңыз

Кемінде екі банк картасымен шыққан дұрыс. Әсіресе, жалғыз шыққандарға осыны ескеруге тиіс. Банк қана емес, төлем жүйесі де әр түрлі болса тіпті жақсы. Мысалы бір банктегі карта Visa, бірі Mastercard болғаны дұрыс. Бұл әлдебір форс-мажор бола қалса жақсы көмектеседі. Мысалы кей елдерде белгілі бір төлем жүйесін мүлдем қабылдамайды. Осыны да білуіңіз керек. Болмаса, әлдебір шектеулер қойылады дегендей. Ең дұрысы — шықпас бұрын банкке бір рет хабарласып, анық-қанығын біліп алыңыз.  

№4 ереже. Алаяқтардың торына түсіп қалмаңыз

Банк картасымен төлеп жатқан кезде сатушының қолына беріп қоймаңыз. Кемінде көз алдыңызда тұрып жасасын. Басқа жаққа алып кетіп төлем қабылдамасын. Өйткені көзден таса жерге апарып картаның деректерін жазып алуы мүмкін. Карта нөмірі, мерзімі, иесінің аты-жөні мен артындағы CVV-кодты біліп алса, интернет арқылы емін-еркін төлем жасауы мүмкін.

Банкомат көрсеңіз, бірден ақша шығаруға асықпаңыз. Олардың ішінде де сенімсіздері болады. Ең дұрысы сауда орталықтары не қонақүй сияқты қауіпсіз жерлерден шешу керек. Сонымен бірге банк бөлімшелеріндегі банкоматтар сенімді болады. 

Банкоматтан ақша шешетін кезде жан-жағын мұқият қараңыз. Жапсарласып тұрған пернетақта, микрокамера не басқа да артық деталь жоқ па — көріп алыңыз. 

Банкоматтың тілін түсінбей тұрсаңыз, көлденең келген көк аттыдан көмек сұрай бермеңіз. Алданып қалуыңыз мүмкін. Егер түсінбей жатсаңыз, мониторды суретке түсіріп, онлайн-аудармашы арқылы қай жерін басу керегін түсініп алсаңыз болады. Егер банк бөлімшесінің банкоматының қасында тұрсаңыз, кеңесшіден көмек сұрасаңыз болады. 

Пин-кодты терген кезде қолмен жауып теріңіз. Басқалар көріп қоймасын. 

Айтпақшы, картаңыз сөмкеде тұрса да ішінен ақша шешіп алуға болады. Қазір алаяқтар төлем терминалын сөмкеңізге тақап, contactless payment арқылы алып алатын тәсіл тауып алған. Әрине, бұл әдісті қолдану алаяқтарға онша тиімді болмауы мүмкін. Себебі технология өте қымбат. Әйтсе де, артық болмас білгенің демекші, мұндай жолдары барын да білгеніңіз жөн. Бұған тап болмау үшін картаны фольгаға орап жүруге болады. Болмаса, арнайы мини-кейске салып қойыңыз. 

№5 ереже. Банкпен дәйім байланыста болыңыз

Картадағы операцияларға байланысты ақпарат смс болып келіп тұратын қылып қойыңыз. Сонда картаңыз қолды болып, әлдекім ішінен ақша құртып жатса, дереу реакция жасап, картаны қолданба арқылы бұғаттап қоя аласыз. Айтпақшы, кей операторлар роумиңді елде жүргенде қосып алмасаңыз, шетелде істемеуі мүмкін. Мұны да ескеріңіз. Сізге қоңырау мен смс келіп тұратын болуы керек. Әйтпесе, кейбір банктердің ережесінде ақша аудару үшін нөміріңізге жіберген кодты жазуды сұрайды. Банктердің көпшілігі қазір Face ID-ге өтті десек те, әлі де смс-код талап ететіндер бар. Шетелге барып алып, картада бар ақшаны аудара алмай қалуыңыз мүмкін. 

№6 ереже. Ақшаны әр түрлі жерде сақтаңыз

Бүкіл ақшаны бір жерде ұстауға болмайды. Яғни барлық банк картасы, қолма-қол ақшаны бір әмиянға салып қоймаңыз. Бұл өте қауіпті. Қолма-қол ақшаны шағын әмиянға салсаңыз, картаны бөлек кейске орналастырыңыз. Қағаз ақша көп болса, оны қонақ үй не жалдаған апартаменттегі сейфке салыңыз. Егер қолма-қол ақша көп алып шығып жатсаңыз, жалдайтын жерде сейф бар ма, сұрап алыңыз. Қонақүйде тартпада қалдырмаңыз. Тазалықшыларға сенім жоқ. Сейф болмаса, құнды заттарыңыз бен ақшаны кодпен ашылатын шабаданға салып кетіңіз. Адам аяғы көп жүретін жерлерде алаяқ та көп. Сондықтан сөмкеңізді ашық қалдырмаңыз. Жұлып әкету оңай сөмкелер тақпаңыз. Метро сияқты жерлерде ұрлықшы көп жүреді. Алаяқтар топ болып жұмыс істейді. Біреуі назарыңызды аудару үшін әңгімеге тартқанда, екінші жақта сөмкеңізді ашып, ішінен ақшаны суырып әкетіп жатуы мүмкін. Мұндай оқиғалар фильмде ғана болады деп ойламаңыз. Шетелде бәрі мүмкін. Әсіресе, турист көп баратын жерлерде ұрлықшылар түрлі тәсілмен алдап түсіреді. Сондықтан сақ болыңыз. Егер ақшаңызды ұрлатып, дымсыз қалсаңыз, елдегі туыс-таныстарға хабарласып, халықаралық ақша аударымдары арқылы ақша жіберуін сұрасаңыз болады.