Антикор Қаржы министрлігінің шенеуніктерін 68 млн теңге пара алып жатқан жерінде ұстады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Антикор Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары кәсіпкерлік субъектілерінен пара алғанын әшкереледі / Фото: kursiv.media 

Қаржы министрлігінің шенеуніктері пара алғаны үшін істі болды. Антикор арнайы операция барысында Алматы және Астанадағы Қаржы министрлігі басқармалары басшыларының жемқорлық істерін әшкереледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаровтың мәлімдеуінше, екі ірі қаладағы басқарма басшылары кәсіпкерлік субектілерден 68 млн теңге мөлшерінде пара алған.

«Олар кәсіпорындардың 570 млн теңгеге салықты негізсіз төлеу бойынша ақпаратқа қол жеткізіп, делдал арқылы осы фирманың өкілінен ақшалай сыйақы талап етті деп күдіктенеді. Мәселені шешу сылтауымен 68 млн теңге сомасында ақшалай қаражат алу үстінде Қаржы министрлігінің лауазымды адамдары мен делдал ұсталды», – дейді Бегайдаров брифинг барысында.

Күдіктілер үй қамақа алынған. Ведомствоның басқа лауазымды адамдарының қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Осыған дейін, Қызылордада «Ыбырай молда» мешітінің имамы Антикор қызметкеріне пара бергені үшін жұмысынан қуылған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкері Әбілқайыров имамға оны деструктивті діни ағым өкілдерімен байланысы бар және олардан ақша алғаны үшін тексеру жүргізілмек деп хабарлаған. Күдік туғызған нәрсе – имамның екі әйелмен бірге тұруы және олардың өмір сүруіне қажетті қаражаттың қайдан келетіндігі белгісіз болуы еді. Тексеруден құтылу үшін Әбілқайыров 2 миллион теңге талап еткен.

Сондай-ақ Антикор ҚТЖ-ға қарасты еншілес ұйым филиалының экс-директоры 50 мың доллар көлемінде пара алғанын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз