Қор нарығына шолу: АҚШ-тағы бюджет тапшылығы, ЕО мен Қытай арасындағы сауда соғысы, Германиядағы түйткілдер
Еуропалық Одақ Қытайдың электрмобильдерге қатысты тарифтерді төмендету туралы ұсынысын қабылдамады. АҚШ бюджетінің тапшылығы облигацияларға қауіп төндіріп отыр. Ал Германия экономикасы рецессиядан үрейлене бастады. Осы және өзге де тақырыптар туралы 9 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыздар.
Pimco: АҚШ-тағы бюджет тапшылығы мен инфляциялық сауда саясаты облигацияларға қауіп төндіріп отыр
АҚШ-тағы бюджет тапшылығының өсуі және президенттік сайлаудан кейінгі инфляциялық сауда саясаты мемлекеттік облигацияларға кері әсер етуі мүмкін, деп жазды Pimco сарапшыларына сілтеме жасаған Reuters.
Сарапшылар АҚШ экономикасының біртіндеп баяулайтынын болжап отыр. Бұл бір жағынан облигацияларға оң әсер етсе, екінші жағынан ұзақ мерзімді облигациялардың болашағы әлі де белгісіз. АҚШ-тың салық және сауда саясаты онжылдық облигацияларға кері әсер етуі мүмкін.
«Жоғары мемлекеттік тапшылық ұзақ мерзімді пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне әкелуі ықтимал. АҚШ бюджетінің тапшылығы сайлауда қай партия жеңіске жетсе де үлкен проблемаға айналады», – деп жазды басқарушы директор Тиффани Уайлдинг пен жаһандық инвестициялар жөніндегі директор Эндрю Боллс.
Сауда соғыстары облигациялардың әлеуетін одан әрі нашарлатуы мүмкін. Импортқа қатысты тарифтердің көтерілуі инфляцияға әкеледі де, экономикалық өсуді баяулатады.
S&P 500-ге басымдық беру тиімді стратегия болып санала ма?
Уоррен Баффеттің бір кездері S&P 500-ге басымдық беру ұтымды стратегия деп айтқаны бар-дын. 2017 жылға дейін экономистердің есептеулері бойынша да дәл солай болған. CNBC нарық сарапшыларынан бұл стратегияның әлі де тиімді ме екенін сұрап көрді.
Қазіргі уақытта көптеген жеке инвесторлар мен қор менеджерлері ауқымды индекске иек артып отыр. Оның үстіне 2024 жылы S&P 500 рекордтарды жаңартып келеді. 8 қазандағы жағдай бойынша, индекс жыл басынан бері шамамен 20%-ға өсті. Соңғы 12 айда 33%-ға артты.
S&P 500 жақсы әртараптандырылған, бұл инвестициялық стратегиялардың біршамасынан жақсы, деп санайды Morningstar компаниясының пассивті стратегияларды зерттеу жөніндегі директоры Брайан Армор. Алайда тек S&P 500 индекс қорына инвестициялау белгілі бір тәуекелдерді де қамтиды. Индекс тиімді болса да, барлық қаражатты осы акцияларда ұстау жақсы идея емес, деді Cadence Wealth Partners директоры Шон Уильямс.
ЕО Қытайдың электрмобильдерге қатысты тарифтерді төмендету туралы ұсынысын қабылдамады
Қытай Еуропалық Одаққа электрмобильдердің импорттық тарифтерін өзгертіп, автокөліктерді 30 мың еуро көлеміндегі минималды бағамен сатуды ұсынды, деп жазды Asia Financial.
Алайда ЕО шенеуніктері бұл ұсынысты қабылдамады. Бір ай бұрын да ЕО Қытайдың минималды баға ұсынысын қабылдамаған еді.
Тарифтерді бекіту үшін уақыт аз қалды, қазан айының соңына дейін олар мақұлдануыға тиіс. Қытайда өндірілген электрмобильдерге 45%-ға дейінгі тарифтер 2025 жылғы 31 қазанда бес жылға енгізілмек.
Электрмобиль нарығындағы шектеу саясатына жауап ретінде Қытай ЕО-дан алкоголь импортын шектейді. Бұл әсіресе француздық Hennessy және Remy Martin брендтеріне әсер етеді.
Германия экономикасы 2024 жылы қайтадан құлдырауы мүмкін
Германия экономика министрлігінің мәліметінше, елдің ЖІӨ 2024 жылы 0,2%-ға төмендейді, деп хабарлады Reuters. Егер болжам дәлелденсе, Германия «Үлкен жетілік» елдері арасында екі жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсеткен жалғыз мемлекет болады.
Апта ішінде жарияланған деректерге сәйкес, құлдырау 2024 жылдың соңына дейін жалғасады, ал кейбір сарапшылар рецессия қаупін көріп отыр. Экономика министрі Роберт Хайбек Германияның экономикалық моделінің екі тірегі болғанын атап өтті: Ресейден келетін арзан энергия және экспорт. Алайда қазір Қытай агрессивті экспорт стратегиясын ұстана отырып, әлемдік нарықтағы неміс компанияларының орнын басып жатыр. Үкімет биыл экспорттың 0,1%-ға қысқаратынын күтіп отыр.
Циклдік және құрылымдық мәселелерге қарсы тұру үшін билік экономикалық өсуді ынталандыру бойынша шаралар пакетін келісті. Экономикалық өсу 2025 жылы жеке тұтынудың артуы есебінен қайта жанданады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі тұтынуды ынталандыруы керек.