Жаңалықтар

Трамп сайлауда жеңіске жетсе, алтын мен облигация сатып алыңыздар – Доктор Дум

Фото: Christian Charisius/dpa via Reuters Connect

2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысын дәл болжағаны үшін «Доктор Дум» деген лақап атқа ие экономист Нуриэль Рубини тағы бір қызықты болжамын ұсынды. Ол Дональд Трамп президент сайлауында жеңіске жеткен жағдайда АҚШ-ты стагфляция, яғни тұралау күтіп тұрғанын ескертті.

Сондықтан ол алда-жалда жағдай жоғарыдағы сценариймен өрбісе, инвесторларға портфельде алтын, қысқамерзімді облигациялар және инфляциядан қорғалған қазынашылық облигациялар (TIPS) ұстауға кеңес берді. Мұндай қадам Трамп «Ақ үйге» оралған жағдайда сөзсіз орын алатын стагфляция қаупінен қорғайды.

«Трамптың сауда, валюталық, монетарлық, салықтық, иммиграциялық және сыртқы саясаты стагфляцияға әкеледі. Ал Камала Харрис сайланса, жағдай өзгеше болмақ», – деді Рубини Bloomberg-ке берген сұхбатында.

Трамптың саяси жоспарларына жоғары баж салығын енгізу, долларды девальвациялау және заңсыз иммиграцияға қарсы қатаң саясат кіреді. Бұл экономиканы баяулатып, бір мезетте инфляцияны арттыруы мүмкін.

Дегенмен «Доктор Думның» болжамдары үнемі орындала бермейді. Мәселен, ол 2022 жылы стагфляциялық қарыз дағдарысы болады деген-ді. Бірақ мұндай дағдарыс әлі басталған жоқ.

Сәрсенбіде Нью-Йорктегі Comex биржасында желтоқсан айындағы алтын фьючерсінің бағасы трой унциясына 2626 доллар деңгейінде аздап құбылды. Бұл қыркүйектің соңында тіркелген тарихи максимумнан 3%-ға төмен.

Жыл басынан бері орталық банктердің сатып алуы мен геосаяси тәуекелдердің аясында споттық алтынның құны 27%-ға өсті.