Жаңалықтар

Таяу Шығыс елдерінің экономикалық әлеуеті мен әскери күші

Таяу Шығыс: экономикалық әлеует пен әскери күш / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Таяу Шығыс елдерінің экономикасы бірнеше маңызды факторлармен ерекшеленеді. Бұл аймақ көптеген табиғи ресурстарға бай, әсіресе, мұнай мен газ қорларымен әлемдік нарықта маңызды орын алады. Таяу Шығыс елдері табиғи ресурстардың арқасында жаһандық экономикалық және саяси сахнада үлкен рөл атқарып келеді. Олардың мұнай мен газ экспорты әлемдік экономикаға ықпал етіп қана қоймай, аймақтық және жаһандық деңгейдегі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар арқылы да маңызды ойыншыға айналуда. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру талпыныстары Таяу Шығыс елдерінің болашағын қалыптастыруда маңызды орын алуда.

                                                                                 

Мұнай мен газ өндіру

ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) бұл аймақта маңызды рөл атқарады. Таяу Шығыс елдері мұнай өндірісін реттеу және баға саясатын қалыптастыру арқылы әлемдік нарыққа үлкен ықпал жасайды.

Таяу Шығыс әлемдік мұнай мен газ қорының ең үлкен үлесіне ие. Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Кувейт және Катар сияқты елдер – ең ірі өндірушілер.

Мұнай мен газ экспорты олардың экономикаларының негізгі драйвері. Таяу Шығыс әлемдік мұнайдың 32,3%-ын өндірсе, мұнайдың расталған қоры – 55,6%-ы осы өңірге тиесілі. Сондай-ақ Таяу Шығыс әлемдік табиғи газ қорына бай аймақ. Оның дәлелденген қоры бойынша дүниежүзіндегі үлесі 39,0%. Ал 2023 жылы Таяу Шығыс әлемдік табиғи газдың 17,7%-ын өндірген.

Экономикалық әлеует және оны әртараптандыру саясаты

Таяу Шығыс елдерінің ішінде Түркия мен Сауд Арабия елдерінің ЖІӨ-сі 1  триллион долларға жеткен, қуатты экономикасы бар елдер деп қарастыруға болады. Сондай-ақ Катар, Мысыр, Кувейт, Израиль елдерінің экономикалық әлеуеті жоғары елдер. Таяу Шығыс елдерінің жалпы экономикалық өсімі оң динамикада болғанымен, Судан, Йемен сияқты елдердің өсімі теріс мәнде сақталуда. Өңірдегі көптеген елдің экономикасы шикізатқа тәуелді болып отыр.

Соңғы жылдары көптеген Таяу Шығыс елдері өз экономикаларының мұнай мен газға тәуелділігін төмендету үшін әртараптандыруға бағыт алды. Мысалы, БАӘ туризм, қаржы қызметтері және жылжымайтын мүлік секторларын белсенді дамытса, Сауд Арабиясы «Vision 2030» бағдарламасы арқылы инновациялық технологиялар мен өнеркәсіп секторларын дамытуға тырысуда. Алайда шикізат секторы экономиканың басым бағыты болып отыр және бұл ұзақ уақытқа дейін сақталады деп күтілуде.

Қорғаныс саласы және өзара қақтығыстар

Таяу Шығыс елдерінің қорғанысы, қауіпсіздігі және тұрақтылығы – аймақтық және жаһандық саясаттағы ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл аймақ тарихи және қазіргі кезде геосаяси шиеленістердің, этникалық және діни қақтығыстардың, сондай-ақ жаһандық державалардың мүдделерінің түйіскен жері болғандықтан, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы жағдайлар күрделі әрі көп қырлы.

Таяу Шығыс геосаяси шиеленістің ошағы ретінде белгілі, бұл аймақ көптеген халықаралық қақтығыстар мен соғыстардың орталығына айналған. Сириядағы азаматтық соғыс, Йемендегі қақтығыс, Ирактағы тұрақсыздық және Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы шиеленіс аймақтық қауіпсіздікті әлсіретіп келеді.

Иран мен Сауд Арабиясының бәсекелестігі: бұл екі ел аймақтағы басымдық үшін күресіп келеді. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы шиеленіс тек қана саяси емес, сондай-ақ діни сипатта да (шииттер мен сүнниттер арасындағы алауыздық) орын алады.

Израиль мен Палестина қақтығысы: Израиль мен Палестина арасындағы жағдай да аймақтық тұрақтылыққа әсер етіп келеді. Бұл қақтығыс тек жергілікті емес, жаһандық деңгейдегі көптеген елдер мен ұйымдардың қатысуын талап етеді.

 Таяу Шығыстағы әскери күш

Сауд Арабиясы аймақтағы ең ірі әскери күштердің біріне ие және жыл сайын қорғанысқа орасан зор қаражат бөледі. Мәселен,  2024 жылғы Сауд.Арабия елі өз қорғанысына 71,7 млрд доллар бөлді.  Ол әскери техника мен қару-жарақтың басым бөлігін АҚШ пен Батыс елдерінен алады.

Иранның әскери әлеуеті, әсіресе, зымырандық бағдарламасы және ядролық технологиялар саласындағы жетістіктері, халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Иранның аймақтағы ықпалын күшейту әрекеттері оны көрші мемлекеттермен шиеленіске түсіріп келеді. Иран әскери күші жағынан әлемде 14-орында.

Израиль аймақтағы ең дамыған және күшті әскери технологиялар мен қорғаныс жүйелеріне ие елдердің бірі. Оның ядролық қару мүмкіндігі әлемдегі ең құпия сақталатын ақпараттардың бірі болып саналады, бірақ бұл аймақтағы қауіпсіздікке қатысты тұрақсыздық тудыруы мүмкін. Израиль биыл қорғаныс саласына 25 миллиард долларға жуық қаржы бөлген. Бұл тек өз бюджеті десек, оған АҚШ-тың Израиль қорғанысына бөлген қаражаты мен қару-жарағын ескерсек, Тегеранның әскери қуатын одан әрі арттыратыны сөзсіз.