2024 жылы соққан ең жойқын дауыл мен құйындар

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
2024 жылы соққан ең жойқын дауыл мен құйындар / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылы әлемде болған долы дауыл мен күшті құйындардың әсерінен көптеген адамдар қиын жағдайға қалды. Биылғы жылы болған ең қатты дауыл мен құйындарға қысқаша шолу жасадық.

1. Милтон (АҚШ)

BBC мәліметінше АҚШ-тың Флорида штатында «Милтон» дауылы жағалауға жетіп, екінші деңгейге дейін жетті. Желдің жылдамдығы 165 км/сағ-қа дейін өсіп, қатты жауын-шашын мен су тасқындарын әкелді. Сент-Питерсберг пен Тампа сияқты қалаларда су тасқыны қаупі ескертіліп, 5 млн-нан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

2. Яги (Филиппин, Тайвань, Вьетнам)

2024 жылдың тамыз айында «Яги» дауылы Филиппин, Тайвань және Вьетнам жағалауындағы аймақтарға үлкен зақым келтірді. Тайфунның жылдамдығы 200 км/сағ-тан асты. Ол миллиондаған адамды электр қуатынан айырды, көшкіндер мен су тасқындарын тудырып, 400 мың қауіпсіз жерде паналауға мәжбүр болды. 24 адам қаза тапты және 299 адам жарақат алды.

3. Ремал (Үндістан, Бангладеш)

2024 жылы мамыр айында Бенгал шығанағынан шыққан «Ремал» циклоны Үндістанның шығыс жағалауларына, әсіресе Одиша мен Бангладешке қатты әсер етті. Бұл дауыл күшті жел мен толассыз жауын-шашынды әкеліп, аймақтарда су тасқындарын тудырды. Мыңдаған тұрғын үйлер су астында қалып, 4 млн адам қауіпсіз жерге көшірілді. Үндістанда соңғы 20 жылдағы ең қуатты болған «Ремал» циклоны 22 адамның өмірін қиды.

4. Шаньшань (Жапония, Оңтүстік Корея)

Жапония мен Оңтүстік Корея 2024 жылы тамыз айында «Шаньшань» тайфунымен бетпе-бет келді. Бұл тайфунның жылдамдығы 180 км/сағ-қа жетіп, елдің инфрақұрылымына зиянын тигізді. Ауа райының нашарлауы және толассыз жауын-шашын салдарынан 5 адам қаза тапты, 5,2 млн адам қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды.

5. Джон (Мексика)

2024 жылы қыркүйек айында Кариб теңізінде пайда болған «Джон» дауылы Мексика мен АҚШ-тың Техас жағалауына жетіп, көпшілік аймақтарға су тасқынын алып келді. Бұл дауылдың жылдамдығы 160 км/сағ-қа жетті. Екі елде де көптеген үйлер мен инфрақұрылымдар зақымданып, тұрғындар уақытша баспаналарға көшірілді. «Джон» дауылының құрбандары 17 адам болды.

Климаттың өзгеруінің әсерінен табиғи апаттар жиілігі мен күші артып, адамдар мен мемлекеттер бұл құбылыстарға ерекше назар аударуға мәжбүр болып отыр.

Еске сала кетейік, «Милтон» дауылына байланысты Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қазақстандықтарды Флорида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарынан шұғыл кетуге шақырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз