Lifestyle

13 қазан күні Астанада өтетін марафонға байланысты бірқатар көше жабылады

Астана марафон: қалада бірқатар көше жабылады / фото: Астана әкімдігі, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

13 қазан, жексенбі күні Astana City Marathon өтеді. Марафонда 15-тен астам елден келген 2000 қатысушы жарыс жолына шығады. Жарыс барысында таңғы 7:00-ден бастап, қаладағы бірнеше көшелер уақытша жабылады. Қозғалыс 13:00-ге дейін толық қалпына келтіріледі. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.

«Астана Марафон» маршруты EXPO алаңынан басталып, Есіл өзені жағалауы, «Бәйтерек» монументі, «Абу-Даби Плаза» және Ботаникалық бақ сынды қаланың көрнекті жерлерінен өтеді.

Ұйымдастырушылар марафон қатысушыларына жабылмаған көшелерге автобуспен жетуді ұсынады.

Жарыс өтетін күні жабылатын жолдардың учаскелерін толығырақ Астана әкімдігінің сайтынан көре аласыз.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласында марафон өткен еді. Жарысқа 56 елден 15 600-ге жуық спортшы қатысты. Олардың басым бөлігі қазақстандықтар болса, 10%-ы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, БАӘ және басқа да елдердің азаматтары.

Сондай-ақ марафонда бірінші болып келген Қырғызстандық спортшыға тәртіп бұзғаны үшін дисквалификация берілген еді.