Ақтау қаласының 1962 жылдан бері жаңармаған жылу желілерін жөндеуге 5 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
актау
Ақтау қаласының магистралдық жылу желілерін жөндеуге 5 млрд теңге бөлінде / Фото: gov.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Үкімет Ақтау қаласының магистралдық жылу желілерін реконструкциялауға 5 млрд теңге бөлді. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет Ақтау қаласының магистралды жылу желілерін реконструкциялауға қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Қаражат Маңғыстау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аударылады. Үкімет бөлген қаржының 10%-ы автомобиль жолдарын жөндеуге жұмсалады. Қаланың 11,5 шақырым жолының ең тозығы жеткен учаскелерін жөндеуге бұл қаражатқа қосымша жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінеді.

Үкімет үйінің хабарлауынша, Ақтау қаласының жылу желілерінің негізгі бөлігі 1962 жылдан бері қолданылып келеді. Тозығы жеткен магистралды желілердің 11,5 шақырымы бұған дейін мердігер ұйымның қаражаты есебінен жөнделген. Енді тозу деңгейі 75%-дан асатын 44 шақырым жылу желісі бар. Оларды 2024-2026 жылдар аралығында жаңғырту көзделіп отыр. Магистралды жылу құбырларын кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланған.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде желілердің тозуы төмендетіліп, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызметтер көрсетілмек. Сонымен бірге бұл шаралар жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз етеді.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың жазында Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтаудағы құбыр жүйелерінің 80%-ы тозғанын, оларды жөндеу үшін 194 млрлд теңге көлемінде қаражат қажет екенін айтқан болатын. Бұл қаражаттың 70 пайызын республикалық бюджеттен алу жоспарланып отыр. Ал 5 пайызы облыстық, 15 пайызы коммуналлдық мекеме есебінен қаржыландырылмақ. Әкім 2023 жылдың жөндеу жұмыстарына 20 млрд теңге көлемінде қаражат қажет екенін айтқан болатын.

Үкімет 2023 жылы Маңғыстау Атом энергетика комбинатын алдағы жылу маусымына дайындауға 5 млрд теңге бөлген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз