Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Wildberries кеңсесіндегі оқиғаға ұлттық сипат беріп, жағдайды ушықтырып жатқан адамдарға ескерту жасады. Ол мұндай жағдай артынша қанды кекке ұласып кетуі мүмкін екенін ескертті. Бұл жайлы Қадыров өзінің телеграм арнасында жазған.
«Егерде кімде-кімнің Қадыровтың адамдарына қатысты шағымы болса, оны маған айтсын, өйткені мен қадыровшылардың басшысымын. Тұрмыстық жайттарға бола, бүкіл халықтарды бір-біріне қарсы қоюға болады деп есептейтін адам қатты қателеседі Маған қоятын сұрақтарыңыз болса, ешқандай қиындық жоқ. Тікелей маған шығыңдар. Күтем», – деп жазды Қадыров.
Сонымен бірге Қадыров шешен тілінде Wildberries кеңсесіндегі оқиғаға байланысты Дағыстан сенаторы Сүлейман Керімовке, Мемлекеттік дума депутаттары Бекхан Барахоев пен Ризван Құрбановқа ескерту жасаған.
«Егер олар бұл ақпаратты жоққа шығармаса, мен Барахоевқа, Керімов Сүлейманға, Құрбанов Ризванға ресми түрде қанды кек қайтарам», – деп мәлімдеген Қадыров.
Айта кетейік, Сүлейман Керімов ресейлік миллионер. Дағыстанда дүниеге келген ол алтын өндірісімен айналысатын «Полюс» компаниясына басшылық етеді.
Ал Бекхан Барахоев ингушетиялық, Ризван Құрбанов дағыстандық кәсіпкер. Екеуі де Ресей Думасының депутаты болған.
Еске сала кетсек, Мәскеудегі Wildberries кеңсесінде 18 қыркүйек күні атыс болды. Салдарынан екі адам қаза тауып, жеті адам ауыр жараланды. Жараланғандар арасында екі полиция қызметкері бар екені айтылған.
Бұл оқиғадан кейін атысқа қатысы бар деген күдікпен компанияның бұрынғы басшысы Владислав Бакальчук қамауға алынды. Wildberries компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, атысты Владислав Бакальчук ертіп келген адамдар ашқан.