Қатар инвесторлары Қазақстанда 20 млрд долларға 9 ірі жобаны жүзеге асырады

Жарияланды
Қатар инвесторлары Ертіс өзенінде су электр станциясын салады / Коллаж: kursiv.mediа; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қатар инвесторлары Қазақстанда 9 ірі жобаны жүзеге асырады. Жобаларға 20 млрд доллар көлемінде қаражат құйылады. Инвестициялық шарттар Сенат мақұлдаған екі ел арасындағы келісімде жазылған.

Бұл қаражатқа инвесторлар телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия, көлік, қаржы және басқа да салалар бойынша жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Шетел инвесторлары Қазақстанда мына жобаларды жүзеге асырады:

  • «Қашаған» кен орнындағы газ өңдеу зауыттары;
  • Қостанай облысындағы компрессорлық станция мен магистральдық газ құбыры;
  • «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі;
  • Ертіс өзеніндегі су электр станциясы;
  • Қызылорда облысында электр станциясы;
  • «Bereke bank» акционерлік қоғамының 100% акциясын;
  • «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100% қатысу үлесін сатып алады.

Бұл жоба нысандарын салу барысында 14 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал пайдалануға берілген соң, 3 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Келісімге сәйкес, Қатарлық инвесторлар кедендік баж төлеуден және салықтан босатылады. Құжатты таныстырған сентаор Бибігүл Аққожина келісім шеңберінде Қазақстан стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босатылатынын айтты.

«Оларға Қазақстан заңнамасында көзделген салықтық жеңілдіктер беріледі. Бұл ретте инвестор осы Келісім күшіне енген күннен кейін қандай да бір жаңа салықтарды төлеуге немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында енгізілген қандай да бір басқа төлемдерді жүзеге асыруға міндетті емес», – дейді сенатор.

Яғни ол инвесторлар елдің салықтық ережелерге бағынбайды. Инвесторларға жеңілдіктер 20 жылға дейін беріледі. Сондай-ақ инвесторларға стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңінде және одан кейінгі 20 жыл ішінде Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы қолданылмайды.

Келісім шеңберінде шетелдік инвесторлар түрлі тәуекелдерден де қорғалады. Депутат аталған қаражат мемлекеттік немесе қоғамдық мақсаттар үшін шаралар қабылданатын жағдайларды қоспағанда, экспроприациялауға, мемлекет меншігіне алуға, реквизициялауға немесе қандай да бір өзге шараларға ұшырамайтынын айтты.

Осы орайда депутат Амангелді Нұғманов шетелдік инвесторлардың берілген жеңілдіктер мен еркіндікті теріс мақсатта, өз мүддесіне пайдалану қаупін де ескеру қажет екенін айтты.

«Бірінішіден, біз оларға шектеусіз ақша қаражатын кедергісіз шетелге аударуды қамтамасыз етуге міндеттелеміз. Екіншіден, валютаны нарықтық бағам бойынша айырбастуға шектеусіз құқық беріп отырмыз. Үшіншіден, «Мобайл Телеком Сервис» қызметіне араласпауға міндеттіміз. Сонымен бірге 2026 жылдың соңына дейін жаңа ұялы байланыс операторының қызметін енгізуге құқымыз жоқ. Одан бөлек көптеген кедендік салықтық жеңілдіктер берілген. Заңнамада көрсетілген ережелерге қарамастан, Қазақстан тарапы оларға кез-келген рұқсаттарды беруге міндетті. Біз осылайша инвесторларға шектеусіз құқық беріп отырмыз. Олар бұл құқықтарын теріс пайдаланса, қандай шара қолданасыздар?», – деп сұрады Нұғманов.

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шетелдік инвестордың Қазақстаннан қажетті қаражатын еркін шығара алатынын айтты. Ал басқа жеңілдіктерді елде жайлы инвестициялық жағдай орнату үшін қажет екенін жеткізді.

Қасенов бұл 9 жобаның елдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын айтады.

«Бұл норма Қазақстанда тартымды инвестициялық жағдай туғызуға көмектеседі. ал Қатарлық инвесторлар біздің елімізге қажет инфрақұрылымды дамытады. Олардың ішінде үш жоба газ өңдеуге бағытталған. Үшеуінің жалпы құны 11 млрд доллардан асады. Бұл – бірінші бағыт. Екінші бағыт сол газды тасымалдауға қажетті инфрақұрылымды дамыту. Үшінші бағыт электр энергиясына қатысты. Шетелдік инвесторлар электр энергиясына қатысты екі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Төртінші бағыт әртүрлі салалар бойынша жүзеге асырылады. Олар – «Береке Банк» акционерлік қоғамының 100% акциясын және «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100% қатысу үлесін сатып алу бойынша жобалар», – деді ҰЭМ өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз