Қызылша мен коронавирустан соң, бактериялық пневмониямен ауру жағдайлары жиілеп кеткен. Бұл аурулардан кейін иммунитет түрлі жұқпалы респираторлық вирусты инфекцияларға (ЖРВИ) дұрыс жауап қайтара алмауы мүмкін. Әсіресе, балалар арасында ЖРВИ аурулары жиі асқынады.
«Астана медицина университеті» балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева тұмау маусымы кезінде бір вирустың үстіне екінші вирус қосылып кетпеуі үшін барынша сақтанған жөн деп санайды. Әсіресе, балаларды мұндай кезеңде үйден шығармаған дұрыс деп санайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында журналист өңірлерде бактериялық пневмониямен ауырған науқастар саны артқанын, тіпті кей аймақтардағы ауруханаларда орын тапшы екенін айтты.
«Өңірлерле жедел бактериялық пневмония бойынша жағдай күрделі. Мәселен, Павлодарда осындай науқастарға арналған орындар аз болғандықтан, оларды басқа бөлімшелерге ауыстырып жатыр деп естідік. Ауырғандарға «бактариялы пневмония» деген диагноз қойылған. Бұл маусымдық ЖРВИ салдары ма, әлде қандай да бір эпидемиялық аурудың басталғанын білдіре ме?», – деп сұрады журналист.
Баешева тұмау маусымы басталып жатқанын, мұндай кезде инфекциялық аурулар өрши түсетінін айтты. Сол себепті де, ЖРВИ көп тіркеліп тіркеліп жатқанын, бұған балалардың мектепке баруы да өз ықпалын тигізгенін атап өтті.
«Жедел респираторлық инфекциялық аурулардың маусымы басталды. Мұндай кезде неше түрлі вирустар белсенді болады. Сондықтан да иммунитеті әлсіз балаларда ЖРВИ асқынып, бактериялық пневмонияға ұласуы мүмкін. Қазір ЖРВИ жағдайлары жиі тіркеле бастағаны рас. Десе де биылғы көрсеткіштер өткен жылғы статистикамен салыстырғанда айтарлықтай төмен»,- дейді дәрігер.
Сонымен бірге Баешева коронавирус пен қызылша эпидемиясынан кейін, балалар арасында ЖРВИ аурулары қатты асқынатынын айтады. Оның үстіне кей бактериялардың төзімділігі артқан. Осыған орай дәрігер ата-аналарға балаларды барынша жұқпалы аурулардан сақтап, алдын-алу шараларын жүргізуді ұсынады.
«Ата-аналарға ескерткім келеді. Балаңыз ЖРВИ жұқтырған болса, оларды барынша үйден шығармауға тырысыңыздар. Өйткені бір вирустың үстіне екінші вирус жабысуы мүмкін. Мәселен, респираторлы вирус – аденовирусқа, одан әрі тұмауға, парагриппке, коронавирусты инфекцияға ұласып кетеді. Мұндайда ауру ауыр жүреді. Балаңыз сәл ауырып қалды ма, үйден шығармаңыз»,- дейді Баешева.
Дәрігердің айтуынша, тұмау маусымы кезінде үлкендер 2-3 рет ауырса, балалар 6-9 рет ауырады. Мұндайда баланың иммунитетіне бір вируспен күресуге мүмкіндік беріп, толық жазылуына жағдай жасау маңызды.
«Әсіресе, қызылшамен ауырған балаларда ЖРВИ асқынады. Өйткені қызылша инфекциясы баланың денсаулығын, иммундық жүйесін қатты әлсіретеді. Сондықтан ата-аналар барынша балаларды қорғаңыздар. Өкінішке қарай, кей ата-аналар балаларды ауырып тұрса да, балабақшаға, мектепке жіберіп жатады. Бұл дұрыс емес»,- деді дәрігер.