Тоқаев жақында Ұлытау облысының әкімін ауыстырды. Берік Әбдіғалиұлы қызметінен кеткенімен, Ұлытау облысының тұңғыш әкімі ретінде аты тарихта қалды. Ол 2022 жылдың маусым айында «Жаңа Қазақстанның» жаңа келбеті, жаңа тұлғаларының бірі ретінде тағайындалған еді. Бірақ саясаттанушы бұл орынға ұзақ тұрақтай алмады. Өңірді небәрі 2 жылдан аса уақыт басқарды. Бұдан «Жаңа ауыс-түйістерге түрткі бола ма? Тоқаев тұсында әкімдік орынтағында ұзақ отырған кімдер?» деген сауал туындайтыны – заңдылық.
Әріден бастасақ. Қаңтар оқиғасынан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерін қайта тағайындап шықты. Бұл дүрбелеңде көп зардап шеккен қала Алматы болғаны мәлім. Алғашқы болып осы шаһардың жаңа басшысының тағайындалуының сыры осыдан болса керек.
Тоқаев ең алғаш тағайындаған әкім – Ерболат Досаев
Ерболат Досаев қаңтардың ызғары басылмай тұрып, ару қалаға 2022 жылдың 31 қаңтарында әкім болып келді. Сондықтан Тоқаевтың кадрларының ішінде Досаевтың салмағын аңғаруға болады. Тоқаев тұсында облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері ішінде қызметінде ең ұзақ отырған Ерболат Досаев әзірге көш бастап тұр.
Ерболат Досаев – 1970 жылы Алматыда өмірге келген. Алматы энергетикалық институты мен Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген.
Екінші орын екі әкімге тиесілі
2022 жылдың сәуірінде екі облыстың әкімі тағайындалған. Олар – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Батыс Қазақстан облысының тумасы Серік Шәпкенов 1979 жылы дүниеге келген. Әкімдердің ішінде ең жасы. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы – экономист-математик.
Нұрлыбек Нәлібаев болса, Қызылорда облысында 1976 жылы туылған. Қазақ мелекеттік аграрлық университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған.
Тоқаев әкімдерді тағайындаған кезде, әдеттегідей, шенеуніктердің туған жерін де ескеретіні байқалады.
Әкімдердің үшінші толқыны
Сол жылы маусым айында тағы да үш жаңа әкім тағайындалды. Бұқаралық ақпарат құралдары сол кезде Қазақстанда әкім қызметіне бұрынғы дипломаттар келе бастағанына алғаш рет назар аударған еді. Мәселен, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың дипломатиялық дәрежесі бар. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия академиясын бітірген.
Ол 1962 жылы Алматы облысында туған.
Жетісу облысының әкімімен қатар, Абай облысының әкімі болып Нұрлан Ұранхаев және Алматы облысының әкімі болып Марат Сұлтанғазиев тағайындалды.
Нұрлан Ұранхаев – 1965 жылы Семей өңірінде туған. Әр салада үш түрлі дипломы болса да, еңбек жолын құрылыс саласынан бастапты. Марат Сұлтанғазиев болса, 1976 жылы Алматы облысында өмір есігін ашқан. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.
Төртінші орында – Түркістан әкімі
2022 жылдың тамыз айында бір ғана облыс әкімі тағайындалды. Түркістан облысының төріне Дархан Сатыбалды шықты. Ол да осы өңірдің тумасы. 1974 жылғы. Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылығы институты мен Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Дархан Сатыбалды да дипломатия саласына бөтен емес. 2019 жылдан әкім болып тағайындалғанша, Өзбекстанда елші қызметін атқарған.
Бесінші орында кімдер?
2022 жылдың желтоқсан айында Павлодар облысының әкімі болып Асайын Байханов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төрағалиев тағайындалды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Әділетті Қазақстанның» алғашқы жылының соңғы айы – желтоқсанның 8-сі күні тағайындалды. Жоғарыда аталған әріптестерімен бірге соңғы әкімдер де «Жаңа Қазақстанның» ұзақ отырған әкімдерінің бестігіне кіріп отыр.
Жаңа отставка бола ма?
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Берік Әбдіғалидің отставкасы әкімдердің ауыс-түйісіне түрткі болуы мүмкін емес. Мұны жалқы жағдай деп есептеуге болады.
«Қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалған әкімдер – Тоқаевтың кадрлары. Оларды кетіру кадр саясатының дұрыс емес екенін көрсетер еді», – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Ұлытау облысы өндірісті аймақ. Оған шаруашылыққа қыры бар әкім керек. Ал Берік Әбдіғали – зиялы қауымның өкілі. Ал облыс және республикалық маңызы бар қалаларға әкім тағайындау тек қана – Президенттің құзырында.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, бір шикілік шықса, дипломат-әкімдердің жұмысынан шығуы ықтимал.
«Елшіліктерде көп болса он бес адам жұмыс істейді. Осындай ұжымды басқару мен кемі миллионға жуық халқы бар облысты басқарудың айырмасы жер мен көктей. Ал бізде Түркістан, Жетісу және Шығыс Қазақстан облысын дипломаттар басқарып отыр», – дейді Қазбек Бейсебаев