Түркияның Ұлттық білім министрлігі тарих бағдарламасына өзгеріс енгізбек. Жаңа тәсіл бойынша, «Орталық Азия» термині «Түркістан» деп өзгертіледі. Бұл туралы Түркияның TRT телерадио компаниясы хабарлады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім болашақ ұрпақтың отаншылдығы мен ұлттық сана-сезімін күшейтуге тиіс.
Президент Реджеп Тайып Ердоған түркі әлемі бірлігінің маңыздылығына тоқталып отыр.
«Түркия ғасыры» туралы болжамымызды Түркі мемлекеттері ұйымына тарата отырып, біз алдымыздағы кезеңді түркілердің дәуірі ету үшін иық тірестіріп жұмыс істеуіміз керек», – дейді Ердоған.
Түрік профессоры «Түркістан» терминінің тарихи маңызын түсіндіріп берді.
«Түркістан сөзі «түркілердің отаны» дегенді білдіреді. Тарихтың ерте кезеңдерінен бері қолданылып келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей басып кіргеннен кейін Түркістанның орнына «Орталық Азия» деген тұжырымдама енгізіліп, таратылды», – дейді профессор.
Түркияның білім министрлігінің шешіміне қатысты доцент Рамин Садык та пікір білдірді.
«Түркістан тұжырымдамасына қатысты біздің ұсынысымыз және оны Ұлттық білім министрлігінің оқулықтарға енгізуі – өте дұрыс шешім. Түркия да, Түркістан да түркілер көп тұратын аймақ дегенді білдіреді», – деді Садык.
Оның айтуынша, қазір түркі әлемі үшін ортақ тарих, география, әдебиет, карта және әліпби жасау бойынша батыл қадамдар жасалып жатыр. Осы кезде Ұлттық білім министрлігінің оқулықтарға «Түркістан» терминін енгізуі – елеулі бетбұрыс. Оның пікірінше, бұл өзгеріс Түркия үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі, сондай-ақ, түркі мемлекеттері үшін де маңызды бастама, құнды үлес болады.
Сарапшылардың сөзіне қарағанда, бұл – ортақ тарих, әдебиет, карта және әліпби жасауды көздейтін түркі әлеміндегі байланыстарды күшейтудің ауқымды стратегиясының бір бөлігі.
Мұның алдында түркі мемлекеттерінің ортақ әліпби нұсқасын мақұлдағаны туралы жазғанбыз.