#Kitaptalk. Tiktok кітап оқығанды жақсы көретіндерді қалай қолдап жатыр?

Жарияланды
#Kitaptalk. Tiktok кітапқұмарларды қалай қолдап жатыр?
#Kitaptalk. Tiktok кітапқұмарларды қалай қолдап жатыр? / Фото: Shutterstock

TikTok – түрлі тақырыпта, түрлі форматтағы видеолар жүктелген цифрлық алаң. Инфлюэнсерлер бұл платформаны еркіндік алаңы деп те атайды. Себебі қолданба модераторлары recomendations парағына кез келген видеоны шығаруы мүмкін. Сондықтан контент өндіруші қолданушылардың да бұл платформа отыруға деген мотивациясы жоғары. Кейінгі кездері TikTok-та BookTalk деген тренд пайда болды. Желі қолданушылары осы хэштегпен видео жүктеп, қандай кітап оқығанды жақсы көретінін, қазір нендей кітап оқып жүргенін, қай автор ұнайтынын, қай авторды ұнатпайтынын, неге ұнатпайтынын айтады, болмаса, осы тақырыптағы түрлі ойын айтады. Tiktok-тағы қазақтілді аудитория да бұл трендті өзінше бейімдеп алып, оған #Kitaptalk деген атау берді.

Бұл хэштегпен аздаған уақытта желіге мыңдаған видео жүктелген. Мұндай видеолардың қаралымдары да жап-жақсы. Әсіресе оқырмандар Айшабибі есімді қыздың контентін қатты ұнатқан сыңайлы. Кітап оқығанды жақсы көретін Айшабибінің парақшасында қазір 17 мыңнан аса оқырман бар. Ал оның сүйікті кітаптары туралы әңгімелейтін видеолары он мыңдаған қаралым жинайды. Арасында «Әр қазақ оқуға тиіс 5 кітап» деген тақырыпта жасаған топтамасы 200 мыңнан аса қаралым жинаған. 

Айшабибі бір видеосында мұндай тақырыптағы видеолары осылай тез тарап кеткеніне таң қалып тұрғанын әрі қатты қуанышты екенін де айтқан. Ол қазақша контенттің сұранысқа ие екеніне осылай-ақ көз жеткізуге болады дейді. Ол сондықтан қазақша жазылған үздік бес кітап тізімін әзірлеген.

Оның топтамасында бірінші Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдары» тұр екен. 

«Жастар бұл кітапты өз арасында «МҚМЖ» деп атайды. Ал менің бұл кітапты бірінші көрсетуім бекер емес. Бұл кітапта соғыстан кейінгі кезеңдегі тағдырлардың, сезімдердің тоғысуы суреттелген. Сіз де мен сияқты романтикалық кітаптарды ұнатсаңыз немесе пәлсапа жағынан көп ойланатын болсаңыз, мына кітап өте жеңіл тілде жазылған. Қазақ әдебиетіндегі ең керемет туындылардың бірі», – дейді Айшабибі.

Сонымен қатар оның тізімінде Дулат Исабековтың «Гауһартасы», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» жинағы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасы,  Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» деп аталатын туындысы бар. 

TikTok-тағы аудитория Айшабибіні өте жылы қабылдап, қазақша осындай контент жасағанына алғыс жаудырып жатыр. Бірі оның қазақша әдемі, сауатты сөйлегеніне тамсанса, ендібірі ақыл-парасаты мен кітап таңдаудағы талғамына мақтау сөз жазып жатыр.

Дәл осы бағытта контент жасап жүрген өзге де Tiktok қолданушылары көп. Олар әр видеосын түрлі тақырыпқа бөліп, бірде «Сүйікті кітаптарым», бірде «Осы айда оқыған үздік кітаптар» деп топтастырады. «Маған ұнамаған кітаптар» деген тақырыппен топтама видео жасап, видеода қай кітаптың не себепті ұнамағанын толық түсіндіріп, бүге-шүгесіне дейін талдау жасап беріп жүргендер де бар. Бір сөзбен айтқанда, TikTok-тың ішінде де кішігірім кітапсүйерлердің қазақша клубы пайда болғандай. 

Осы форматта блог жүрігзетін тағы бір қолданушы – Ботагөз Абайқызы. Оның қазақ әдебиетіндегі сүйікті үш кітабының тізімі мынадай: Оралхан Бөкей «Қар қызы», Дулат Исабеков «Гауһартас», Сайын Мұратбеков «Жусан иісі».

TikTok-тағы бұл айдар желіде қазақша контенттің көбеюімен қатар, қазақ әдебиетіне қызығушылықты арттыруға да үлес қосып жатыр деуге болатын сияқты. Себебі осындай топтамалардың астында оқып шыққанын жазып, тағы қандай кітап оқуға болатынын сұрап, кеңес беруін сұрап жатқандар да баршылық.

Ал soapynu нигімен тіркелген TikTok қолданушысы әлем әдебиетіне қазақ тілінде шолу жасайды. Сонымен қатар ол кітапты қалай жылдам оқуға болатыны туралы лайфхактарын да айтады.  Ал кітап оқу тақырыбында жүктелген кейінгі видеоларында ол ай бойы неше кітап оқығанын, қайсысы ұнағанын, қай кітаптан өандай ой түйгенін айтып береді. Тағы бір видеосын ол мүлдем ерекше форматта түсірген. Бұл – #кітаптоктың бір түрі. Soapynu бұл видеода өзі оқыған кітаптарды өте қысқа бағалайды: не «иә» дейді, не «жоқ» дейді.

@soapynu

Жұмыстан жаңбырлы кештен кейін келген алба-жұлба түріміз осы🥴 Кейбір кітаптар @кариша с книжками кеңестері бойынша алынған. Сізге деген алғысым шексіз💓 —— #кітапток #букток #booktok #книжныйтикток #книжныерекомендации #литература #рекомендации

♬ You – Vietra

Ал Айша деген бүлдіршін бұл айдарды мүлдем басқаша форматта жүргізеді. Оның блогы тек кітап тақырыбына арналған. Ол өз видеоларында оқыған кітаптарына дыбыссыз баға береді, яғни тек ым-ишара арқылы кітаптың ұнап-ұнамағанын көрсетеді. Бұл үлгідегі видеолар да оқырманға ұнайды, мұндай видеолар да жақсы қаралым жинайды. 

Сонымен қатар Айша жаңадан алған кітаптарын оқырмандарымен бірге ашады, яғни Unpacking видеоларын да жиі жариялады. Ал Unpacking видеолардың жақсы қаралым жинайтыны айтпаса да түсінікті дүние.

Кітапқа қатысты блог жүргізетіндердің бәрі қыздар екен деп ойлап қалмаңыз. Tiktokta кітапсүйер танымал жігіт те бар. Ол – Арын Құнанбай. Оның кітаптарға талдау жасаған видеолары он мыңдаған қаралым жинайды. Арынның қазірдің өзінде 7000-нан аса оқырманы бар.  Оның «Кітап оқуға қатысты әдеттерім» деген видеосы 30 мыңға жуық қаралым жинаған. Онда ол түрлі пайдалы кеңесін айтады.

«Ең әуелі айына кемі үш-төрт кітап сатып аламын. Одан соң қай кітапты қайдан, қашан, кімнің кеңесімен алғанымды кітаптың бірінші бетіне жазып қоямын. Бұның өзі кітапты ашқан сайын оны тезірек оқып бітіруге қамшылап отырады. Үшіншіден, әр кітабыма бөлек бетбелгі алып қоямын. Төртіншісі, күнде таң атысымен немесе жатар алдында үш-төртті кітапты қатар ашып, бір-бір беттен шолып шығамын. Ал беттерді кездейсоқ таңдаймын. Сол ашылған бетті оқып, түйгенімді телеграм арнама жазып қоямын. Бесіншісі, кітапты жай ғана судыратып оқып шықпаймын. міндетті түрде сызып, белгілеп, жазып, талдап оқимын. Жұмысқа шығарда үнемі сөмкеме бір кітап сала жүремін», – дейді Арын. 

Ол кітапты қалай оқу керегін де, қандай кітап оқу керегін де айтып береді. Енді бір видеосында кітапты қай жерден арзан бағаға алуға болатынын да көрсеткен. 8500 теңгеге 16 кітап сатып алғаны айтылған видеосы 118 мың қаралым жинап, парақшасында көш бастап тұр.

@aryn.qunanbai

ауырсаңдар, «кітапаурумен» ғана ауырыңдар) #кітап #жаз #оқы #әдебиет #рек

♬ Aesthetic – Tollan Kim

Tiktok-тың іздеу бағанына #кітапток #kitaptalk деп жазсаңыз, шыққан видеоны санап бітпейсіз. Қазір мұндай контент күн өткен сайын артып келеді. Бұл – платформа қолданушыларының арасында қазақ тілі де, қазақша кітаптар да және жалпы оқу мәдениеті жаңа трендке айналғанының көрсеткіші болса керек.

Сондай-ақ оқыңыз