Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын кім алуы мүмкін?

Жарияланды 10 Қазан 2024 12:31

(жаңартылды 10 Қазан 2024 12:32)
post.authors.0.name

Светлана Ғалымжанқызы

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын кім алуы мүмкін? / Фото: Shutterstock

Бүгін Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының биылғы жеңімпазы анықталады. Осылайша, 2024 жылдың соңғы лауреаты белгілі болады. Ал біз қорытынды шыққанша үміткерлермен таныстырып кетуді жөн көрдік.  

Нобель сыйлығы комитеті Әдебиет саласы бойынша сыйлықты 1901 жылдан бері табыстап келеді. Жыл сайын ең соңғы болып жарияланатын да осы сала. Әдебиет саласы бойынша сыйлық 116 рет 120 қаламгерге табысталған. Олардың 103-і – еркек, 17-сі әйел жазушы. Швед академиясы жеңімпаз деп таныған тұлғаға 11 млн швед кронасы (9,7 млн еуро) көлемінде ақшалай жүлде табыстайды. 

Жалпы барлық сала бойынша биыл 286 үміткер бар. Бірақ Нобель сыйлығына үміткерлердің қысқа тізімі ешқашан алдын ала жарияланбайтыны барлығына белгілі. Үміткерлерді де, фавориттерді де букмекерлер мен сарапшылар талқыға салады. Биыл сарапшылар да, букмекерлер де бір ауыздан Қытай жазушысы Чань Сюэны үздік деп танып отыр

Жетпістен асқан жазушы былтыр Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алуға басты үміткер де болыпты. Дегенмен комитет 2023 жылы сыйлықты норвег жазушысы Йон Фоссеге беруді ұйғарған. Бұл шешімге таң қалғандар қарасы көп болды. Өйткені Фоссенің пьесалары, романдары мен поэзиясы шет тілдеріне сирек аударылған. Дегенмен Нобель комитеті қаламгердің ауқымды библиографиясын, әсіресе «Септология» деп аталатын туындысын ерекше деп таныды. Fitzcarraldo Press баспасынан ағылшын тілінде басылып шыққан 7 томнан тұратын эпопея Йон Фоссенің керемет туындысы деп танылды. Аталған шығарма 2019-2021 жылдар аралығында жарық көрген, жалпы бет саны – 1250. 

Сарапшылар Швед академиясы көпшілік күткен нәтиже жарияламайтынын айтады. Олардың айтуынша, комитет көбіне есімі көпке белгісіз авторларды немесе мүлде үздік болады деп болжанбаған танымал жазушыны таңдайды. 

Йон Фоссе де сол ережемен таңдалды деген болжам бар. 2017 жылы жүлде ағылшын-жапон жазушысы Казуо Ишигуроға берілгенде барлығы таң қалған. Ал 2016 жылы Боб Дилан жеңімпаз атанады деп тіпті ешкім күтпеген де. Ал биыл жоғарыда атап өткен Чань Сюэмен қатар тағы бірнеше жазушы бар. 

Чань Сюэнің шын есімі – Ден Сяохуа. 1953 жылы оңшылдар отбасында туған. Әке-шешесі Коммунист партиясының әрекеттерін жақтырмай, жиі сынға алып отырған. Бұл да кішкентай қыздың танымына әсер етпей қоймай, кейін оны Қытайдың дәстүрлі жазу стилінен алыстатқан. Оқырмандар жазушының ағылшын тіліне аударылған нұсқаларында оның өзіне тән идиосинкратик стилі жоғалатынын айтады. Дегенмен оның 2019 жылы жарық көрген кейінгі «Жалаң аяқ дәрігер» романы Нобель комитетінің көзіне түсті. Сонымен қатар ол Данте, Хорхе Луис Борхес, Франц Кафка сияқты батыс жазушыларын сынаумен танымал. Одан бөлек «Жаңа дәуірдегі махаббат» романымен, «Лашықтарда тұрамын» әңгімелер жинағы Букер сыйлығына үміткерлер қатарында болды. Былтырғы күтпеген жағдайды ескерсек, биыл да авторға қатысты үлкен үміт күту қате болар. 

Букмекерлер атап өткен тағы бір үміткер – Жеральд Мурнейн. Аустралиялық жазушы былтыр да үміткерлер қатарында болды. Оқырмандар оны біздің заманымызда өмір сүретін ең ұлы ағылшын тілді жазушыға балайды екен. 85 жасқа толған Мурнейн – аса танылмаған, дегенмен шығармасын бір оқыған адам тәнті болып, шынымен ұлы жазушы деген пікірге қосылатын қаламгерлердің бірі деседі. 1982 жылы жазылған «Жазықтар», 1988 жылы жарық көрген «Ел ішінде» романдары жиі оқылатын туындыларына жатады. 

Жоғарыда аталған жазушылардың есімі сізге таныс болмаса, үшінші үміткерді естімеген адам жоқ шығар. Жыл сайын үміткерлер қатарынан көрініп, бірақ әлі де Нобель алмаған қаламгер – Харуки Мураками. Оқырмандары ең болмағанда биыл автордың таланты тиісті бағасын алады деген сенімде. Мураками әлемге 1987 жылы жазылған «Норвег орманы» атты ностальгиялық романымен танылды. Содан бері сыйқырлы реализм тақырыбына ыңғайланып, бірқатар туынды жазып шықты. Солардың ішінде «Жағажайдағы Кафка», «Көңілді құс хроникасы» көрерменнің көңілінен шықты. Бірқатар экранизациядан кейін шығармалары коғамдық сана қалыптастыруға үлес қосты десек те болады. Биыл 2023 жылы жазылған «Қала мен оның белгісіз қабырғалары» романының ағылшын тіліне аудармасы жарық көрді. Мураками әдебиет саласындағы Нобельден басқа сыйлықтардың барлығын иемденді. Ал Швед академиясы Муракамиді Нобель сыйлығына лайы деп санағанын не санамағанын бірнеше сағаттан кейін білеміз.  

Сондай-ақ оқыңыз