Жаңалықтар

Талғарда қайтыс болған Шерзат Болаттың әкесі қазақстандықтарды митингке шықпауға шақырды

Фото: Шадияр Өстемір / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Талғар қаласында кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қазақстандықтарды митингіге шықпауға шақырды.

TengriNews агенттігі таратқан бейнежазбада Нұрымов алдымен өзіне қолдау көрсеткен халыққа алғыс айтты. Істің Алматы облысы Қонаев қаласының полиция департаментінде қаралып жатқанын, өзіне адвокаттардың және 2023 жылы қайғылы оқиға кезінде қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің көмекке келгенін атап өтті.

Бұған қоса, Шерзаттың әкесі қазақстандықтардан митингіге шықпауды, қантөгіс жасамауды сұрап, мұндай жағдайдың өзіне және жақындарына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

«Ешқандай митинг, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде шоғырланған адамдар келіп, менің дұшпандарым сол сәтті пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, ертеңгі күні мені аяқтан шалу үшін. Бауырыма қастандық жасау үшін. Сол себепті халқым өтініп сұраймын. Ешқандай көтеріліс керек емес. Тек өзімнің ұстанымым заң аясында дұрыс шешім шыққанын қалаймын. Әділ шешім болды. Артық ешнәрсе сұрамаймын», – деді Нұрымов.

4 қазанда Талғарда бір топ адам дүкендегі жанжалдан кейін 16 жасар жасөспірімге жабылып, жарақат алған мектеп оқушысы Шерзат Болат қайтыс болды. 7 қазан күні туыстары істің алға баспай жатқанын айтып, Талғар ауданы әкімдігіне алдында наразылық білдірді. 8 қазан күні істі Қонаев қаласының полиция қабылдап, тергеуді бастап, 9 адамды ұстап, оның 2-і куәгер ретінде босатылды.

9 қазанда KursivMedia Шерзаттың туыстарымен тілдесіп, куәгерлерден жағдайдың мән-жайын білген.