100 жылдағы ең күшті «Милтон» дауылы таяп қалған Флоридада не болып жатыр? – фоторепортаж

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
«Милтон» дауылы кәріне мінді/ фото: kursiv.media

Соңғы 100 жылдағы ең күшті «Милтон» дауылы Флорида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарына таяп қалды. Флорида билігі қазірдің өзінде 5,5 миллион адамды эвакуацияға шақырды. Тампадағы Kursiv Media оқырманы жойқын апатқа дайындалып жатқан қаланың қазіргі жағдайын фотосуреттер мен бейнежазбалар арқылы көрсетті.

Тампа – Флорида штатындағы үшінші үлкен қала. Ол түбектің батысында, Тампа шығанағының жағалауында орналасқан. Қазір қала табиғаттың дүлей күшін қарсы алуға дайындалып жатыр, сондықтан жергілікті билік тұрғындарды шұғыл эвакуацияға шақырды.

Тампа мэрі Джейн Кастор: «Егер сіз эвакуациялау аймақтарында қалуды таңдасаңыз, сіз өлесіз деп еш бүкпесіз айта аламын», – деді.

Бұған дейін Флорида штатында «Хелен» дауылы соғып, 230-ға жуық адам мерт болды.

Тампа тұрғыны Дмитрий Осиповский қалада Хелен дауылынан кейін көп қоқыстың жиналмай сол күйінде қалғаны қиындық туғызып отырғанын айтты. Оның сөзінше, көшелердегі қоқыс тұрғындардың жедел көшуіне және төтенше жағдайлар қызметінің көмек көрсетуіне кедергі болуда.

Ол Флорида тұрғындарының 80%-ы көршілес штаттарға көшіп кеткенін айтты. Дмитрийдің өзі Тампадан кетпеді. Қазіргі зәулім ғимараттың жоғарғы қабатында достарымен бірге тұрып жатыр.

«Қалаға жақындаған сайын дауыл әлсіреуі мүмкін. Себебі оның күші басқа жерде анық байқалады. Су тасқыны әрқашан дауылдың оңтүстігінде болады, өйткені ол сағат тіліне қарсы айналады», – деді өз болжамын айтқан Осиповский.

Мексика шығанағындағы ең күшті дауыл «Милтон» сәрсенбі күні кешке немесе бейсенбі күні таңертең келіп жетеді деп күтілуде. Оның жылдамдығы қазірдің өзінде 257 км/сағатқа жетті.

Джорджия мен Оңтүстік Каролина штаттарында жағалауда орналасқан аудандарға да қауіп төнуі мүмкін.

Флориданың қаржы комиссары Джимми Патронис дауылдан келетін шығын 10 миллиард доллардан асуы, тіпті 20 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Fox Business.

Kursiv Media Милтон дауылы бес санатқа дейін күшейгенін жазды. Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі қазақстандықтарды Флорида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарынан шұғыл кетуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз