Жаңалықтар

Машина жасау саласына несие әлі берілген жоқ, ал «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мөлшерлемені 9%-ға дейін өсіріп отыр — cенатор

Мемлекет машина жасауды дамыту жоспарын бекітті, бірақ бизнеске ақша әлі бөлінбей келеді / Фото: архив kursiv.media 

Қазақстанда кешенді даму жоспары аясында машина жасау саласы әлі қаржыландырылмай келеді. Алайда соған қарамастан «Өнеркәсіпті дамыту қоры» (ӨДҚ),  қазірдің өзінде несие мөлшерін 9%-ға дейін өсіріп жіберді. Осылай деп мәлімдеген Сенат депутаты Евгений Больгерт машина жасау саласындағы кемшіліктерді атады. Ол Үкіметтің саланы дамыту бойынша кешенді жоспарынан күтетін үміті, шын мәнінде орындалмай қалуы мүмкін екенін айтады.

Сенатор алдымен шағын және орта  бизнесті қолдау мәселесіне үңілді. Айтуынша, дамыған елдерде шағын және орта бизнес жұмыспен қамтудың 60%-ы мен қосылған құнның 50%-дан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан оларда жеңілдетілген қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алу процесі оңайырақ.

«Қазақстанда ШОБ үлесі небәрі 35%, ал несиелеу көлемінде – 19%. Өнеркәсіп секторы бар-жоғы 4,6%-ды құрайды. Бір жыл бұрын Үкімет машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітіп, Индустриялық даму қоры арқылы 600 млрд теңгені, тағы 50 млрд теңгені «Даму» қоры арқылы субсидия түрінде бөлуді жоспарлаған болатын. Алайда осы және келесі жылға ақша бөлінген жоқ», – деді сенатор өзінің депутаттық сауалында.

Сонымен бірге депутат ӨДҚ мөлшерлемелері 7-ден 9%-ға дейін өскенін мәлімдеді.

«Шағын және орта бизнес осы қаржыландырудан зор үміт күтсе де, бизнестің үміті ақталмады. Ал бұл саланың болашағы үшін дабыл қағатындай мәселе.  Бұл ретте кешенді жоспарда 2029 жылға қарай өндірісті 4,5 есеге, яғни 3 трлн теңгеден 11 трлн теңгеге дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр. Нақты көлем индексі жыл сайын кемінде 10% өсіммен 2,2 есеге ұлғайту керек деген тапсырма бар.  Егер оған жағдай жасалмаса, бұл мақсатқа қалай жетуге болады?!», – деді Евгений Больгерт.

Сол себепті депутат кешенді жоспарға сәйкес және биылғы қарызды ескере отырып, машина жасау саласын қаржыландыруды, субсидиялауды қамтамасыз етуді ұсынды. Серпінді өңдеуші кәсіпорындардың өнеркәсіпті дамыту қорына 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді несие беру мәселесін шешу керек екеніне де тоқталды.

Айта кетейік, осыған дейін де Евегений Больгерт осы мәселе төңірегінде депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда сенатор машина жасау саласы бойынша маман даярлайтын колледждерге жыл сайын 5 млрд теңге жұмсалатынын, алайда бөлінген қаражаттың ақталмай жатқанын айтқан еді. Сөзіне сенсек, елде машина жасау саласы бойынша маман даярлайтын 274 колледж бар. Жылда 11 мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Бірақ мемлекеттің бұл салаға құйған қаражаты айтарлықтай нәтиже бермей келетінін айтады.