Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұрынғы уақытқа қайта оралу туралы өтінішті қарау нәтижесін заңды деп тапты.
«Сот шағым түскен шешім мен петицияны қарау кезіндегі әрекеттер заңды, мемлекеттік орган құзіреті аясында жасалған және рәсімді бұзу анықталмады деп қорытындыға келді», – делінген хабарламада.
Айта кететін жайт, қоғам белсенділері бұрынғы уақытқа қайтуды көздейтін петиция жарияланған еді. Оны қарау үшін 50 мың адам дауыс беруі керек. Сонда петицияны билік қарауы тиіс. Дауыс бергендердің саны көзделген межені бағындырғаннан кейін, билік тармақтары ішінен жұмыс тобы құрылып, бұл мәселе қарастырылған болатын. Бірақ олар бұрынғы уақытқа қайтудан бас тартқан еді.
Бұл шешімнің заңдылығына наразылық білдіргендер болды. Мәселен, аты-жөні Л. деп қана көрсетілген талапкер «Уақытты кері қайтару» петициясына қатысты шешімге наразылық білдіріп, оның нәтижесін заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Онда петицияны қарау және шешім қабылдау рәсімдері бұзылғаны айтылған.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, өтінішті Сауда және интеграция министрлігі қараған. Министрлік жұмыс тобын құру үшін Парламент депутаттарын, мемлекеттік органдардың өкілдерін және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін тартқан. Жұмыс тобына екі депутат – Е.А. Әбіл мен М.А Әбенов ұсынылған. Е.А. Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болып тағайындалыпты. Жұмыс тобы 3 мәрте отырыс өткізген. 2024 жылдың 21 маусымда, 16 шілдеде және 2 тамызда. Соңғы отырыс барысында өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған.
«Талап-арызда депутат Әбілді отырыс төрағасы болғаны, мұның ереже бұзушылық екені көрсетілген. Ал сот оның басшы емес, жұмыс тобы басшысының орынбасары болғанын анықтады», – делінген сот хабарламасында.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымынша, комиссия құрамын қалыптастыру кезінде ешқандай ереже бұзылмаған.