Қор нарығына шолу: АҚШ-тағы еңбек нарығы баяулады, ДСҰ болжамын өзгертті, экономикасы жылдам өсетін өңір қайсы

Жарияланды
Фото: Shutterstock

АҚШ еңбек нарығының апталық теріс статистикасына қарамастан, ФРЖ өкілдері мөлшерлеменің одан әрі біртіндеп төмендейтінін меңзеп отыр. Сонымен қатар Дүниежүзілік сауда ұйымы жаһандық саудаға қатысты болжамдарын жақсартты. Ал Дүниежүзілік банк алдағы жылдары ең жоғары экономикалық өсім көрсететін өңірді атады. Осы және өзге де тақырыптар туралы 10 қазандағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

ФРЖ өкілдері АҚШ-та монетарлық саясаттың біртіндеп жұмсаратынын меңзеп отыр

Чикаго Федералды резервтік банкінің президенті Остан Гулсби Reuters агенттігіне берген сұхбатында алдағы бір-екі жыл ішінде ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді біртіндеп төмендететінін айтты. Оның пікірінше, АҚШ-тағы инфляция ФРЖ-ның 2% мақсатты көрсеткішіне жақындап келеді. Ал «экономика толық жұмыспен қамтылуға жақын». Реттеушінің міндеті – осы жағдайды «барынша ұстап тұру».

«Алдағы 12-18 ай ішінде пайыздық мөлшерлемеге қатысты тұрақты жағдайға біртіндеп жетеміз деп ойлаймын», – деді Гулсби. Ол сондай-ақ ФРЖ-нің мөлшерлемені осы уақыт аралығында «әділ деңгейде» төмендету туралы келісімі бар екенін атап өтті.

Гулсбидің айтуынша, пайыздық мөлшерлеме бойынша шешімдер жақын арада нақты макроэкономикалық деректер негізінде қабылданады. Реттеушінің қыркүйектегі отырысында да осылай болған.

Ал Атланта ФРЖ президенті Рафаэль Бостич Bloomberg басылымына келесі айда мөлшерлемені төрттен бір тармаққа төмендетуге немесе талқылауды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Нарық қатысушылары үлкен өзгерістер күтпейді. Трейдерлер қарашада ФРЖ мөлшерлемені 25 базистік тармаққа қысқартады деп болжайды.

АҚШ-тағы еңбек нарығының баяулауы жалғаса түсті

Yahoo Finance басылымының хабарлауынша, АҚШ-та жұмыссыздық бойынша апта сайынғы жәрдемақыға өтінімдер саны өсіп келеді. Бұл еңбек нарығының «салқындап» бара жатқанының белгісі.

АҚШ Еңбек министрлігінің жаңа деректері бойынша өткен аптада 258 мың азамат жұмыссыздық бойынша алғашқы жәрдемақыға өтінім берген, ал экономистер 230 мың өтінім болады деп күткен еді.

Бұл көрсеткіш 2023 жылдың тамызынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға жалпы өтінімдер саны 1,86 млн-ды құрады, көрсеткіш алдыңғы аптаға қарағанда 42 мыңға көп.

«Кейбір штаттарда, әсіресе, «Хелен» дауылы мен Boeing ереуіліне байланысты жағдай айтарлықтай нашарлады. Алайда дауыл әсер етпеген кейбір штаттарда да өтінімдер саны өсті», – деп жазды Oxford Economics компаниясының аға экономисі Нэнси Ванден Хаутен жұма күні клиенттерге жолдаған жазбасында. «Өтінімдер «Хелен», «Милтон» дауылдары және Boeing ереуілінен зардап шеккен штаттарда жағдай реттелгенге дейін өсе береді».

Оның пікірінше, ФРЖ бұл деректерді «уақытша құбылыс» деп қарастырып, қарашада мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендету жоспарын өзгертпейді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы жаһандық саудаға қатысты болжамын өзгертті

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) 2024 жылға арналған жаһандық сауда болжамын сәл көтерді, бірақ жаңа геосаяси қауіптерден қорқатынын хабарлады Yahoo Finance. ДСҰ-ның есептеулері бойынша, 2024 жылы жаһандық сауда көлемі 2,7%-ға артады, ал бұрынғы болжам (сәуірдегі) 0,1%-ға төмен болды.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жаһандық сауда көлемі 1,1%-ға қысқарды. Жаңа болжамда «геосаяси шиеленіс пен экономикалық саясаттағы белгісіздіктің артуы» ең үлкен қауіп ретінде аталған. ДСҰ-ның мәліметтеріне сүйенсек, бірінші жартыжылдықта жаһандық сауда көлемі жылдық мәнде 2,3%-ға өскен.

«2024 жылы жаһандық сауданың біртіндеп қалпына келуін күтеміз, бірақ өңірлік қақтығыстардың эскалациясымен байланысты ықтимал құлдырауларға қатысты сақ боламыз», – деді ДСҰ-ның бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала. «Салдары тікелей қатысқан елдерге, сондай-ақ энергетикалық нарыққа және тауарларды жеткізу маршруттарына ауыр тиюі мүмкін».

Дегенмен егер дамыған елдердегі пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі инфляцияның қайта өршуінсіз күтілгеннен де күшті экономикалық өсімді қолдаса, болжамның «шектеулі деңгейде көтерілу мүмкіндігі» бар.

Дүниежүзілік банк: Оңтүстік Азия – әлемдегі экономикасы ең жылдам өсетін өңір

Дүниежүзілік банк Оңтүстік Азия экономикасының 2024 жылы 6,4%-ға өсетін болжап отыр. Сөйтіп, бұрынғы болжамды (6%) жақсартты, деп хабарлады Reuters. Бұл нәтижеге Үндістандағы жоғары ішкі сұраныс және дағдарыстан зардап шеккен Шри-Ланка мен Пәкістан сияқты елдердегі жылдам қалпына келу ықпал етті.

Дүниежүзілік банк Үндістанның ағымдағы қаржы жылындағы экономикалық өсім болжамын 6,6%-дан 7%-ға дейін көтерді. Елде жеке тұтыну мен ауыл шаруашылығы секторы өте белсенді.

«Үндістанда экономиканың дамуына ықпал ететін жаңа тұтынушылар класы қалыптасуда. Шри-Ланка мен Пәкістанда дағдарыстардан кейін қалпына келу байқалса, Непал мен Бутанда туризм есебінен қалпына келу жүріп жатыр», – деді Дүниежүзілік банктің Оңтүстік Азия бойынша вице-президенті Мартин Райзер. Бұл Дүниежүзілік банк бақылап отырған қалыптасып келе жатқан экономикасы бар ең жылдам өсетін өңір. Алдағы екі жылда мұнда 6,2%-дық тұрақты өсім күтілуде, себебі осы өңірдегі елдер жаһандық экономикаға белсенді түрде интеграцияланып жатыр

Сондай-ақ оқыңыз