Жаңалықтар

Жаңа такси көліктерін таныстырған Tesla-ның акциялары құлдырады

Tesla-ның акциялары құлдырады / Фото: Tesla

Автосүйер қауым Tesla-ның жаңа көліктерін қызықтап жатқанда, инвесторлардың көңілін мұң шалды. Таныстырылымнан кейін электромобиль өндіретін америкалық компанияның акциялары құлдырады.

Tesla компаниясы жаңа техникаларын – екі орындық Cybercab таксиі мен көп орындық Robovan көліктерін таныстырғанын жазғанбыз. Осы жаңалықтан кейін Нью-Йорктегі таңғы саудада Tesla акциялары арзандады. Бұл таныстырылымға инвесторлардың көңілі толмағанын көрсетеді.

Дәлірек айтсақ, жұма, 11 қазанда алдын ала саудада Tesla акцияларының құны 6%-ға төмендеді. Баға бір сәтте 222,2 долларға дейін кеміді. Негізгі сауда кезінде акциялар 11 қыркүйектен бері мұншалықты арзан болмаған еді.

CNBC Tesla таныстырылымы инвесторларға айтарлықтай оң әсер етпегенін жазды. Piper Sandler сарапшылары «саудаға бағытталған көп компанияның» таныстырылымнан көңілі қалғанын ескертті.

Tesla автономды көліктер мен жасанды интеллектің дамуына назар аударғанымен, мәліметтерін толық жария етпеді, деді Barclays сарапшылары. Айталық, Tesla FSD технологиясының прогресі туралы жақ ашпады және жүйенің жетілдірілгенін көрсететін деректерді де ұсынбады. Сондай-ақ 2025 жылы өндірісі басталатын арзан көлік туралы да мәлімет бермеді.

Илон Маск автопилотты көліктерді іске қосуды Tesla-ның болашақтағы табысының басты факторы ретінде атады, деп хабарлады The Wall Street Journal. Оның айтуынша, адамға ұқсайтын роботтар мен робот такси Tesla-ның капиталын кем дегенде 30 трлн долларға дейін арттыруға септеседі. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 40 есе жоғары.

Сарапшылардың Tesla акцияларына қатысты пікірлері әртүрлі: олардың 24-і сатып алуға (Buy және Overweight рейтингтері), 20-сы портфельде ұстауға (Hold) және 14-і сатуға (Sell және Underweight) кеңес береді, делінген FactSet мәліметтерінде.