Жаңалықтар

Air Astana 2025 жылы акционерлеріне дивиденд төлеуі мүмкін

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биыл IPO-ға шыққан Air Astana 2025 жылы алғаш рет акционерлеріне дивиденд төлеуі мүмкін. KASE Talks-те «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов осы мәселе қарастырылып жатқанын айтты.

«Оның үстіне ертең, жақсы, ертең емес – келесі жылға дивиден төлеу жоспарда бар. Әуе компаниясы тапқан табыстан ең алдымен қарыз өтеліп, компания дамуына инвестиция салу керек. Алайда ең бастысы – инвесторларға дивиденд төлеуі тиіс», – деп атап өтті Жақыпов.

Ол Air Astana компаниясының акцияларына инвестиция салуға басты себеп – дивиденд алу мүмкіндігі деп атап өтті. Қазір компания акциялары Қазақстан қор биржасы (KASE), AIX және Лондон қор биржасында (LSE) саудаланып жатыр.

Қор басшысы әуе компаниясын нарық әлі бағаламай отыр деген пікірде. Оның айтуынша, әуе компаниясының 1 бағалы қағазы кемі 11-12 доллар болуы керек. Бұл компания ЖДҚ-ларының LSE-дегі қазіргі бағасынан 2 еседей артық (бір акция үшін $6,38). Бұған дейін әуе компаниясының басшысы Питер Фостер нарық «Эйр Астана» акцияларын бағалайды деген сенім білдірген.

Жақыпов сонымен қатар компания акцияларының құнына оң әсер ететін бірнеше басым факторды атап өтті. Біріншіден, Қазақстанда әуе қатынасына сұраныс жоғары. Уақыт өткен сайын бұл сұраныс арта түседі. Екіншіден, елде әуе отын бағасы арзан. Үшіншіден, компания мамандары білікті және өзге әуе компанияларымен салыстырғанда «жұмыс күші арзан».

Жалпы бұған дейін Air Astana әуе компаниясының өкілдері дивиденд төлеуге қатысты әртүрлі ақпарат айтқан. Бірде дивиденд төлеу жоспарда жоқ, бүкіл қаржы компанияның дамуына жұмсалады десе, біресе 2025 жылғы акционерлер жиналысында шешіледі деген.

2024 жылғы ақпан айында әуе компаниясы IPO өткізіп, нәтижесінде нарықтан 120 млн доллар тартты. Қазір «Эйр Астананың» ең ірі акционері – 41% акциясын иеленетін «Самұрық-Қазына» қоры. Сонымен қатар номиналды ұстаушы Citibank (23,62%), BAE Systems (16,95%) компаниясы мен БЖЗҚ (6,51%).