Мәскеу биржасы Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 13,1% үлесінен арылды. Биржа MOEX-тің өз акционерлері құрамынан шыққанын хабарлады. Мәскеу қор биржасына тиесілі болған акцияларды енді ресейлік қос компания иеленеді.
«Бұдан басқа, KASE 2018 жылдың 10 қазанында биржалар қол қойған Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге және онымен байланысты келісімдерге негізделген MOEX-пен өзара қарым-қатынастардың тоқтатылғаны туралы хабарлайды», – делінген қор хабарламасында.
MOEX өкілі Владимир Крекотень де KASE Директорлар кеңесінің құрамынан шыққан.
Акционерлердің жаңа тізіміне сәйкес, «Тетис Кэпитал» ЖШС-ға 8,5% үлесі тиесілі болса, «Баланс Эссет Менеджмент» компаниясы 4,6008% акциясын алған. «Тетис Кэпитал» ЖШС «Нигелла» инвестициялық қорын, ал екіншісі «Левкой» қорын басқарады.
Ашық дереккөздерге сәйкес, «Баланс Эссет Менеджмент» 2022 жылы мәскеулік ЦСКА футбол клубы акцияларының 77%-ын сатып алған. 2024 жылғы 11 қазандағы жағдай бойынша құрылтайшысы – Виталий Баланович. Ол «Тринфико» инвестициялық тобының қаржыгері және басқарушы директоры қызметін атқарады.
Тетис Кэпитал» ЖШС-ның құрылтайшылары ретінде Андрей Марси және Александр Воронков көрсетілген. Марси – «Тринфико» тобының басқарушы серіктесі, активтерді басқарып, жылжымайтын мүлікке қатысты инвестициялық мәселелерді шешеді. «Коммерсант» басылымының жазуынша, ол ресейлік компаниялардың топ-250 менеджері рейтингіне енген.
Бұған дейін Мәскеу биржасы KASE акционерлері қатарынан шығатыны жөнінде нақты шешім қабылданғанын Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
«KASE мен Мәскеу биржасы әріптестік туралы келісім негізінде жаман жұмыс істеген жоқ. Өзара технологияларды қолданды. Бірақ Мәскеу қор биржасы санкцияға ұшыраған соң, серіктес ретінде «біздің мәртебеміз KASE жұмысына кедергі келтіреді» деп кәсібилік білдірді», – деді ҰБ басшысы.
Маусым айының соңында Мәскеу биржасына тиесілі үлес 12 млрд теңгеге бағаланған болатын.
11 қазандағы жағдай бойынша, КASE-нің негізгі акционері – ҚР Ұлттық Банкі. Ол биржаның 47,0% үлесіне иелік етеді. Одан бөлек, ірі акционерлер қатарында Халық банк (9,3%), «Коммеск-Өмір» (7,6%) бар. Қор биржасының жарияланған акцияларының жалпы саны 5 000 000 дана, 1 075 231 акциясы орналастырылған.