Банк пен қаржы

Мәскеу биржасы KASE акционерлері қатарынан шығады – Тимур Сүлейменов

Мәскеу биржасы KASE акционерлері қатарынан қашан шығады / Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Мәскеу биржасы KASE акционерлері қатарынан шығады. Бұл туралы брифинг барысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

«Мәскеу қор биржасының Қазақстан қор биржасы (KASE) акционерлері қатарынан шығуы туралы нақты шешім қабылданды», – деді Ұлттық банк төрағасы брифингте.

Сүлейменов Мәскеу биржасының бұл шешімін кәсіби және дұрыс шешім деп бағалады.

«KASE мен Мәскеу биржасы әріптестік туралы келісім негізінде жаман жұмыс істеген жоқ. Өзара технологияларды қолданды. Бірақ Мәскеу қор биржасы санкцияға ұшыраған соң, серіктес ретінде » біздің мәртебеміз KASE жұмысына кедергі келтіреді» деп кәсібилік білдірді», – деді ҰБ басшысы.

Қазір KASЕ-нің 13,1% үлесі Мәскеу қор биржасының иелігінде. Басқа ірі акционерлері қатарында ҚР Ұлттық Банкі (46,9%), Halyk Group (9,3%), Коммеск-Өмір (7,6%) бар.

Сүлейменов бұған дейін «қажет болса» Ұлттық банк Мәскеу биржасының KASE-дегі үлесін сатып алатынын мәлімдеген болатын. Маусым айының соңында ол 12 млрд теңгеге бағаланды. Шілде-тамыз айларында KASE акциялары шамамен 4%-ға өскенімен қазір маусымдық деңгейге қайта оралды.

12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасына санкция салған болатын. Санкция салдарынан биржаның банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғатталды.

Сонымен қатар компанияның SDN тізіміне енуі оның бүкіл серіктестеріне қайталама санкция қаупін туындамайтыны хабарланды. Тек еншілес ұйымының меншікті капиталының 50%-ын иеленсе, шектеу енгізілуі мүмкін.

Сол кезде Қазақстан қор биржасы АҚШ-тың Мәскеу биржасына санкция енгізуі оған құқықтық тұрғыда әсер етпейді деп мәлімдеді. Өйткені Қазақстан қор биржасының капиталындағы ресейлік биржаның үлесі жеткіліксіз.

Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген қор акционерлерінің біріне санкция салыну биржада айырбастау қызметін немесе жеке төлемдерді тоқтату қаупіне ұшырататынын айтқан. Сондықтан Мәскеу биржасы акционерлер қатарынан шыққаны жөн деген шешімге келіп, акцияларды сатып алу туралы келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізген.