Жаңалықтар

Енді жүргізуші куәлігін алу үшін екі түрлі аутентификациядан өту қажет

Жүргізуші куәлігін алу үшін екі түрлі аутентификациядан өту қажет
Жүргізуші куәлігін алу үшін екі түрлі аутентификациядан өту қажет / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүйесіне аутентификацияның екі бөлігі енгізіледі. Әзірге бұл жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерге ғана қатысты болмақ. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы хабарлады.

Электронды жүйеде емтихан тапсырушы азаматтар екі факторлы аутентификациядан өтуі қажет. Жүргізуші куәлігіне үміткерлерге 1414 нөмірінен хабарлама келіп, жеке деректерді алуға рұқсат бергеннен кейін, биометриялық сәйкестендіруден өту керек.

Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиевтің айтуынша, бұл алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін жасалып отырған қадам. 

«Екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады», – деп атап өтті Кенжеғалиев.

Әзірге жаңа бастама Астана қаласында 11 қазаннан іске асады. Өзге өңірлердегі өзгерістер жыл соңына дейін орын алады.

Айта кетейік, 3 қазан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопедтерді тіркеп, жүргізуші куәлігімен жүруге міндеттейтін заң жобасына қол қойған. Мопед жүргізушілері 0,25 АЕК көлемінде баж салығын төлеуге міндеттелген. Көлікті тіркеу үшін өтініш жазып, жеке куәлігін көрсетуі керек.