Lifestyle

Tesla жаңа ұшқышсыз Cybercab такси көліктерін таныстырды

Tesla Cybercab такси көліктерін таныстырды / фото: teslа.com

Америкалық электромобиль өндіруші Tesla компаниясы бейсенбі күні екі орындық Cybercab таксиі мен көп орындық Robovan көлігін таныстырды.

Tesla басшысы Илон Масктың айтуынша, компанияда қазір 21 Cybercab көлігі бар, ал жалпы 50 автономды көлік Warner Bros. студиясындағы таныстыру рәсімінде көпшілік назарына ұсынылды. Cybercab – рульсіз және педальсіз, шағын әрі жайлы бөлмеге ұқсайтын көлік. Масктың сөзіне қарағанда, бұл көліктердің қауіпсіздігі адам жүргізетін машиналарға қарағанда 10 есе жоғары болмақ.

Сондай-ақ, 20 адамға дейін жолаушы немесе жүк тасымалдай алатын Robovan көлігі де осы рәсімде таныстырылды.

Robovan көлігі / фото: teslа.com

Илон Маск Cybercab көлігінің бағасы 30 мың доллардан төмен болатынын мәлімдеді. Компания бұл көлікті 2027 жылға қарай жаппай өндіріске шығаруды жоспарлап отыр.

Cybercab пен Robovan көліктерінің сыртқы дизайны бұған дейін шыққан Cybertruck көлігіне ұқсайды. Екі көлік те арнайы индукциялық алаңдарда сымсыз қуатталады.

Сонымен қатар, Масктің айтуынша, Model 3 және Model Y электромобильдері толық автономды болады. Ал 2025 жылы бірінші Техас пен Калифорнияда, кейін басқа да рұқсат етілген аймақтарда пайда болады.

Маск осы шарада Tesla Optimus гуманоидтық роботын да таныстырды. Оның айтуынша бұл роботтарды кез-келген адам үйінде ұстай алады.

Optimus роботы / фото: teslа.com

“Optimus роботтары адамдардың арасында өмір сүре алады. Сіздің жеке R2-D2 немесе C-3PO роботыңыз болуы мүмкін», – деді Маск.

Еске сала кетейік, бұған дейін Tesla компаниясы жаңа көліктеріне арналған Actually Smart Summon (ASS) функциясын таныстырған еді. Бұл функция арқылы көлік 65 метр радиустың ішінде иесі тұрған жерге немесе картадан көрсетілген нүктеге өз бетімен келе алады.