«Милтон» дауылының салдарынан 16 адам қаза тапты, билік Флорида тұрғындарын үйлеріне қайтуға асықпауға шақырды
Флоридада «Милтон» дауылының салдарынан 16 адам қаза болды, 3 миллион үй жарықсыз қалды. Билік Флорида тұрғындарын үйлеріне қайтуға асықпауды сұрады, деп хабарлайды BBC арнасы.
Бейсенбі, 10 қазанға қараған түні АҚШ-тың Флорида штатындағы батыс жағалауға соққан «Милтон» дауылы 70 м/с жылдамдықтағы желмен торнадо және қатты жауын-шашын әкелді. Құтқарушылар су басқан және қираған аймақтарды тексере бастаған сайын құрбандар саны көбейіп жатыр.
Бейсенбі күні кешкі жағдай бойынша CBS телеарнасы, Флорида штатының құқық қорғау департаментіне сілтеме жасап, қаза тапқандар санының 16 адамға жеткенін хабарлады.
Сент-Люсия округіндегі лагерьде бес адам қаза болды. Сент-Питерсбург қаласының билігі екі адамның қайтыс болғанын хабарлады. Тағы бір адам көрші округте үйінің қирандылары астынан табылды.
Зардап көлемі әлі нақты есептелмегенімен, оның ауқымды екені айдан анық. Дауылдың жолында қалған үйлерге, шіркеулерге, сауда және кеңсе ғимараттарына айтарлықтай зақым келді.
Сент-Питерсбургте қатты жел жергілікті бейсбол стадионының шатырын ұшырып жіберсе, жергілікті газеттің редакциясы орналасқан ғимаратқа құрылыс краны құлады.
Жергілікті билік Флорида тұрғындарын үйлеріне қайтуға асықпауға шақырды. Орандж-Сити қаласының билігі жаңбырдың салдарынан жол бойындағы топырақ шайылып, бірнеше жердегі жолдардың құлап, бірнеше метрлік жыралар пайда болғанын мәлімдеді. Қаланың өрт сөндіру қызметі Facebook парақшасында құлаған жолдарды суретке түсіріп, көптеген жол шайылып немесе су астында қалған деп түсіндірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі «Милтон» дауылына байланысты қазақстандықтарды Флoрида, Джорджия және Оңтүстік Каролина штаттарынан шұғыл кетуге шақырған еді.