Қазақстанда әрбір бесінші ересек адам темекі шегеді. 2024 жылдың шілде айында Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы ересектер арасында жыл сайынғы темeкі тұтыну туралы зерттеу жүргізді. Зерттеу еліміздің барлық өңірін, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларды қамтыды. Сауалнамаға 15 жастан асқан 11 824 үй шаруашылығының бір өкілі қатысты.
Зерттеу нәтижелері бойынша, елдегі тeмекі шегетін халықтың үлесі 20,7%-ды құрады. (2023 жылы – 19,4%). Ерлердің 39,8%-ы, ал әйелдердің 7,6%-ы темeкі шегеді. Ауылдық жерлерде темeкі шегетіндердің үлесі 22,3%-ды, қалалық жерлерде 20%-ды құрады. Темeкі шегушілердің ең көп үлесі Шығыс Қазақстан облысында тіркелген (27,6%). Тeмекі шегушілердің 83,7%-ы фабрикада өндірілген темекі өнімдерін пайдаланады.
Темeкі түтінін үйде 9,2% халық ұшырайды, оның ішінде 8,5%-ы темeкі шекпейтіндер. Жұмыста темeкі түтініне 6,6% адам, оның ішінде 6,2%-ы темeкі шекпейтіндер әсер етеді. Қоғамдық тамақтану орындарында 11,5% респонденттер тeмекі түтінінің әсеріне ұшыраса, олардың 10,9%-ы темекі шекпейтіндер.
Сауалнамаға қатысушылардың 85,8%-ы темекі шегу ауыр ауруларға әкелетінін мойындайды. Алайда, темeкі өнімдерін отбасы мүшелері тұтынуына қарсы шыққан респонденттердің үлесі небәрі 4,6%-ды құраған. Темeкі шегуге барлық жерлерде толық тыйым салуды қолдайтын респонденттердің үлесі 72,2%-ды құрады.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) мәліметі бойынша, соңғы онжылдықтардағы жаһандық темекі шегу деңгейінің төмендеуіне қарамастан, жыл сайын әлемде 8 миллионнан астам адамның өліміне алып келуде.