Жаңалықтар

Доллардың қымбаттауына бюджет шығыстарының ұлғаюы мен квазимемлекеттік компаниялардың қаражат жұмсауы ықпал еткен

Доллардың қымбаттауына ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен / Фото: kursiv.media

Доллар күннен-күнге қымбаттап жатыр. Қор биржасында 11 қазан күні сағат 10.00 шамасында 1 доллар 492 теңгеден сатылған. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова  Tengrinews-ке берген пікірінде доллардың қымбаттау себебін түсіндірген. Сондай-ақ Ұлттық банк бағамды ұстап тұру үшін қандай шаралар қолданатыны жөнінде айтқан.

Әлия Молдабекованың айтуынша, доллар-теңге арасындағы құбылмалылық қазан айының басынан байқалған. Теңге динамикасына сыртқы және ішкі факторлар бірдей әсер еткен.

«Сыртқы факторлардан біз дамыған және дамып келе жатқан нарықтарда да валюталардың әлсіреуін көріп отырмыз. Доллардың жаһандық нығаюы аясында еуро 1,8%-ға, фунт стерлинг 2,4%-ға, бразилиялық реал 2,6%-ға әлсіреді. Ал ресей рублі – 4,1%-ға әлсіреп отыр. Дамыған елдердің алты негізгі валютасының (еуро, жапон иенасы, британдық фунт, еанадалық доллар, швед кроны және швейцариялық франк) қоржынына қатысты доллардың құнын сипаттайтын доллардың DXY индексі 2,2%-ға өсті»,  – деп түсіндіреді маман.

Банк өкілі ішкі фактор ретінде ел ішінде шетел валютасына деген сұраныстың артуын атап өтті. Молдабекованың айтуынша, осы жылдың қазан айында орташа тәуліктік сауда көлемі 272 млн долларды құраған. Бұл өткен жылдың қазан айындағыдан 2 есеге көп. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 155 млн доллар көлемінде болған. Сонымен бірге тамыз-қыркүйек айларындағы орташа тәуліктік сауда көлемінен айтарлықтай жоғары екен.

Жалпы елде шетел валютасына сұраныстың артуына бюджет шығыстарының ұлғаюы, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға қаражат жұмсауы әсер еткен.

«Бұл шығыстардың едәуір бөлігі шетел валютасында төленетін жабдықтарды, материалдар мен технологияларды сатып алуға бағытталған. Бұл өз кезегінде долларға қосымша сұранысты артуына себеп болды. Сонымен қатар зейнетақы активтерін басқарудың кірістілігі мен тиімділігін арттыру үшін Ұлттық банк БЖЗҚ-ның валюталық бөлігінің үлесін 40%-ға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Яғни валюта нарығындағы сұраныстың артуына 10 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің БЖЗҚ-ға шетел валютасын сатып алуы әсер етті. Солайша БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің айырбас үлесі 40%-ға жетті»,  – дейді Молдабекова.

Банк өкілі БЖЗҚ-ның валюталық үлесін ұлғайту бойынша алға қойған жоспары орындалғанын, сол себепті Ұлттық банк зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін доллар сатып алуды тоқтататынын айтты. Сонымен бірге теңгеге қолдау көрсететін бірнеше шаралар қолға алынатынын жеткізді.

«Бізде Ұлттық қордан түсетін айтарлықтай көлемдер бар. Осы жылдың қазан айында біз 1,3 млрд долларды құрайтын рекордтық көлемде валюта сатуымыз керек. Бұл айда біз бұл көлемнің шамамен 2/3 бөлігін сатуымыз керек. Аталмыш шара валюта нарығындағы жағдайды қалыпқа келтіруге жағдай жасайды. Ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату саясаты жалғасады»,  – дейді Молдабекова.

Молдабекованың айтуынша, Ұлттық банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Осы орайда ұлттық валюта бағамының шамадан тыс құбылмалылығы іргелі факторлармен негізделмеген деп есептейді. Ал жағдай расында күрделене түссе, банктің интервенциялар жүргізетінін мәлімдеді.

«Егер айтарлықтай құбылмалылық байқалатын болса, біз Ұлттық банктің валюталық интервенциялар жүргізу құқығын пайдаланамыз», – деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айта кетейік 7 қазан күні доллар бағамы 2022 жылдың көктемінен бергі ең жоғарғы деңгейге дейін жеткен болатын. Ол күні доллардың ресми бағамы 484,37 теңгені құраған.

Ал 2022 жылдың наурызында доллар бағамы ең жоғарғы деңгейге жетіп, 497 теңгеге дейін көтерілді. Бұл уақытта елдің айырбастау пунктерінде америкалық валюта 503 теңгеден сатылған.