Жаңалықтар

Квазимемлкеттік сектор қаржылық есептілігі жөніндегі ақпаратты ашық етеді

квазимемлекеттік сектор
Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың қаржылық есептілігіне қатысты кей ақпаратты ашық етеді / Фото: kursiv.media

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқауларына сәйкес, Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың қаржылық есептілігіне қатысты кейбір ақпаратты ашуды көздеп отыр. «Ашық НҚА» порталына орналастырылған министрлік құжатында квазимемлекеттік сектордың қандай салалар бойынша есеп беретіні жайлы жазылған.

Бұйрыққа сәйкес, үлестік қатысу әдісімен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шоғырландырылған қаржылық есептілікте қаржылық инвестициялар, аяқталмаған құрылыс объектілері бойынша ақпарат, үлестік қатысу әдісі бойынша ескерілетін квазимемлекеттік сектор субъектілеріне инвестицияларды қоса алғанда, ұзақмерзімді қаржылық инвестициялар туралы ақпараттарды ашу жөніндегі талап енгізілмек.

«Бюджет Кодексінің 83-бабына сәйкес қаржыландырудың ерекше тәртібі айқындалған республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік құпиялар мәселелерін реттейтін актілерінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынады», – делінген құжатта.

Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган келіскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей Жоғарғы аудиторлық палатасына ұсынуы керек болады.

Ұсынылған шоғырландырылған қаржылық есептілік белгіленген нысандарға сәйкес келмеген кезде ведомство пысықтауға қайтарады.

«Ведомство республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шоғырландырылған қаржылық есептілігі негізінде республикалық бюджеттің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарының шоғырландырылған қаржылық есептілігі негізінде – жергілікті бюджеттер бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасайды», – делінген құжатта.

Сонымен бірге құжатта мұндай есептілік кезінде Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 83-бабына сәйкес қаржыландырудың ерекше тәртібі айқындалған мемлекеттік органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілігінің активтері мен міндеттемелері бойынша деректер ескерілмейтіні айтылған.

Жарты жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әр жылдың 10 қыркүйегінен кешіктірмей өткізіп отыруы керек. Ал ведомство әр жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей жасауы қажет.

Ал жергілікті бюджетті атқару жөніндегі облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың уәкілетті органдары есепті қаржы жылынан кейінгі жылы тапсырады. Яғни қаржыландыру жылы өткеннен кейінгі жылда тапсырады. Олар есепті 30 наурыздан кешіктірмей облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілікті әкімдікке, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың уәкілетті органына, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың тиісті органдарына ұсынуы тиіс.

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов квазимемлекеттік секторды бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені үшін жауапқа тартуды ұсынған болатын. Квазимемлекеттік сектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға белсенді араласады. Мәселен, 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алған. Бұл жылы квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланбаған қаражат жыл қорытындысы бойынша өткен кезеңмен салыстырғанда 2,5 еседен асқан. Мұны палата төрағасы «өрескел жағдай» деп бағалаған болатын. Осы орайда Смайылов пайдаланылмаған қаражатты қайтару тетігін іске қосу қажет деп санайды.