Жаңалықтар

Жаңа облыс әкімдерін Тоқаев қалай таңдайды?

Ең бірінші әкімдердің іскерлік қабілетіне қарайды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов  

Қазақстандық саясаттанушы, саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасов облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің қалай іріктелінетіні, Ақорда үміткерлердің қандай қасиеттеріне баса мән беретіні жайында айтып берді.

«Тоқаев облыс әкімдерін таңдаған кезде ең бірінші үміткердің іскерлік қабілетіне қарайды. Екіншіден, аймақты білетінін басшылыққа алады. Үшіншіден, президенттің жеке өзіне деген көзқарасын да ескереді. Төртіншіден, жемқорлыққа бұрын қатысы бар-жоғын таразылап, тазалығына баса назар аударады. Міндетті түрде осы төрт фактор есепке алынады», – дейді саясаттанушы.

Сайын Борбасовтың пікірінше, қазір әкімдікке жаңа тұлғалар келіп жатыр. Бұл – құптарлық жайт.

«Элита циркуляциясы болуы қажет. Циркуляция болмаса, қоғамда стагнация болады. Жаңа тұлғалар жаңа ой, жаңа идеялармен, жаңа шабытпен келеді. Назарбаев әкімдерді 20-30 жыл бойы ұстады. Одан не өзгерді? Олардың дені өзінің бизнестерін жасапты, Дубайдан үй алыпты. Бірақ олар кәсіпкерлікпен бір күнде айналыспаған. Бұл – мемлекетті, бюджетті жеп жасаған ақшалары. Демек бұрынғы элита жемқор болды деген сөз», – деп түйіндейді саясаттанушы.

Kursiv.media «Жаңа Қазақстанның» жаңа әкімдерінің тізімін жасап көрді. Әрине, бұл тізім бойынша, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков  көш бастап тұр.  

Оны «Жаңа Қазақстанның» ең жаңа әрі ең жас әкімі деуге болады. Жасы қырықта. Бұған дейін облыс әкімнің орынбасары қызметін атқарып келген-ді. Ол 1984 жылы Жезқазған қаласында өмірге келген. Біліміне аз-кем тоқталсақ, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын тәмамдаған. Президенттің тағайындау туралы жарлығы бұдан екі күн бұрын – 2024 жылдың 9 қазанында шықты.

Жаңа әкімдердің тізімінде Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай екінші орынға жайғасады. Ол 2024 жылдың 17 мамыр айында тағайындалды. Өзі осы өңірдің түлегі. 1978 жылы туған. Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында, «Қаржы және қаржылық құқық» мамандығы бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған.  

Үшінші орын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевқа тиесілі болып отыр. Ол бұл қызметке Президенттің жарлығымен 2023 жылдың 16 маусымында тағайындалған еді. Сол кезде ол «Жаңа Қазақстандағы» ең ықпалды саясаткер ретінде де аталып жүрді.

Ермек Көшербаев 1965 жылы Алматы қаласында туылған. Екі жоғары білімі бар. ҚазҰУ мен Мәскеудегі Дипломатиялық академияны бітірген.

Назар аударарлық жайт, аталған соңғы білім ордасында Президент Тоқаев та оқыған. Мәскеуде бір оқу орнында оқыған жерлестердің «ежелгі достар болып шығуы ықтимал» деген сөз бұрыннан айтылып келеді.

Бесінші орынды бес облыстың әкімдері тең бөлісіп отыр. Өйткені олардың бәрі былтыр қыркүйек айында тағайындалған. Қазіргі қызметін атқарып жатқанына бір жылдан енді ғана асты.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 2023 жылдың 5 қыркүйегінде тағайындалды. Басқа әкімдерден өзгешелігі, бұл лауазымды тұлға шет жерде туылған. 1978 жылы Ресейдің Орынбор облысында дүниеге келіпті. Үш дипломы бар. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын, Атырау мұнай және газ университетін  тәмамдаған.

Ақмола облысының әкімі, Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, заңтанушы Марат Ахметжанов 1964 жылы туған. Президенттің оны әкім етіп тағайындау туралы жарлығы 2023 жылдың қыркүйек айында шықты.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы осы шаһарда дүниеге келіпті. Қазақ мелекеттік заң университеті мен Ресейдегі Дипломатиялық академияны аяқтаған. 2023 жылдың 5 кыркүйегінен бастап Шымкент қаласын басқарып келеді.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов орынтағына 2023-шы жылдың 23 қыркүйегінде отырды. Ол Қостанай облысында 1968 жылы туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, «заңгер» мамандығы бойынша Челябі мемлекеттік университетін, «экономика бакалавры» мамандығы бойынша Қостанай инженерлік-экономикалық университетін аяқтаған.

2023 жылдың 5 қыркүйегінде Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. 1976 жылғы. «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, университеттің магистратурасын, «құқықтану» мамандығы бойынша Қазіргі гуманитарлық институтын тәмамдады.

Тағы бір ашылған дерек, жаңа әкімдердің дені – қырықтың үстіндегі тұлғалар. Ең егдесі – 59 -дағы Ермек Көшербаев пен 60 жастағы Марат Ахметжанов болып тұр.