Жаңалықтар

Қостанай облысында бес бүлдіршін өртеніп кетті

Таңғы сағат төрт жарымда Жетіқарадағы жер үйде өрт шыққаны туралы ақпар келіп түскен / фото: Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті

Қостанай облысында бес бүлдіршін тілсіз жау – өрттің кесірінен опат болды. Оқиға бүгін таңата болған. Бұл туралы Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жергілікті ведомствоның хабарлауынша, таңғы сағат төрт жарымда Жетіқарадағы жер үйде өрт шыққаны туралы ақпар келіп түскен. Өрт салдарынан үйдің шатыры опырылып құлаған.

Құтқарушылар хабар түскен соң, жеті минуттың ішінде келіп жетіпті. Алайда қысқа уақыт ішінде жалын үйді түгел шарпып үлгерген.

Өрт сөндірушілер дереу жалынды ауыздықтап, үйіндіні шығаруға ұмтылған. Таңғы алтыдан өте өрт толық өшірілген.

Апат кезінде үйде алты бала ұйықтап жатқаны анықталды. Олардың үлкені 13 жаста болса, ең кішкентайы 1 жасқа енді толған. Үйінді астынан бес баланың денесі табылды. Ең үлкені ғана дін аман қалған.

Балалардың әкесі түрмеде, ал шешесі түнде танысының үйіне қонуға кетіпті. Қазір өрт себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Өрт-техникалық зерттеу тағайындалған.

Төтенше жағдайлар министрлігі балаларды ересектердің қарауынсыз үйде қалдырмауға шақырып отыр.