Жаңалықтар

Канадалық компания Қостанайда 50 мың тонна құс етін өндіретін фабриканы сала бастады

Инвестицияның жалпы көлемі – 55,4 млрд теңге / фото:Shutterstock

Қостанай облысында 50 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы салынады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы ауқымды жобаны Canadian Chicken Ltd компаниясы қолға алып, іске асыра бастады. Фабрика құрылысы 2029 жылға дейін бірнеше кезең бойынша салынады. Инвестицияның жалпы көлемі – 55,4 млрд теңге. Құс фабрикасының қуаты – 50 мың тонна. Онда 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі кезде бұл мақсатқа ауданы 300,5 гектар болатын жер телімі бөлінген. Егжей-тегжейлі бизнес-жоспар да әзір.

Бұл жерге MEYN, Pass Reform және BIG Dutchman секілді әлемдегі жетекші өнім өндірушілердің құрал-жабдықтары орнатылады.

«Жобаны іске асыруға Canagrotek компаниясының құс өсіру саласындағы мамандары қатысады. Бұл озық технологиялар мен тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді», – делінген министрліктің хабарламасында.  

Canadian Chicken Ltd компаниясы құс, асыл тұқымды құс етін өндіруге, сондай-ақ оларды өңдеуге, ет консервілерін шығаруға маманданған.

Айта кететін жайт, Алматы облысында Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруымен қуаты 26,5 мың тонна болатын құс фабрикасы салынып жатыр.