Полиция Тұздыбастау ауылындағы дәмханада атыс болды деген ақпаратты теріске шығарып отыр.
«Кафеге келгендер өзара сөзге келіп, аяғы жанжалға ұласқан. Осы төңіректі шолып жүрген экипаж жағдайды шұғыл бақылауға алды», – делінген Алматы облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Мұның алдында түнде Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында атыс болғаны, бір топ адам дәмхана алдында төбелесіп, оқ атылғаны туралы хабар тараған еді.
«Бұзақылық әрекет дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полицияға жеткізілді», – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, оқиға кезінде зардап шеккендер болмаған. Қазір оқиғаның егжей-тегжейі анықталып жатыр.
Тұздыбастау – Алматының іргесінде орналасқан елдімекен. Аудан орталығы Талғар қаласынан 15 шақырым жерде. 2021 жылғы дерек бойынша, Тұздыбастауда 21 693 адам тұрады.
Мұның алдында Алматы облыстық полиция департаменті Талғарда жасөспірімді өлтірген күдіктілердің қылмыстық топ мүшелері болғанын жоққа шығарған еді.