ХҚКО сайты мен eGov Mobile қосымшасынан ақау табылған жоқ – Цифрлық даму министрлігі
Әлеуметтік желілерде ХҚКО сайты мен eGov Mobile мобильдік қосымшасы істен шыққаны жөнінде ақпарат тараған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мессенджерлерде жіберілген хабарламаның шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Электрондық үкімет порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Үшінші тұлғалар портал мен мобильді қосымша пайдаланушыларының деректеріне қол жеткізе алмайды. Жалған хабарламаларға жауап бермеуді және тексерілмеген ақпаратты жібермеуді сұраймыз», – деп ескертті Цифрлық даму министрлігі.
Ведомство eGov.kz және nitec.kz сайттарында жарияланған ақпараттарға сенуге шақырды. Электронды үкімет порталы мен eGov Mobile жұмысы туралы 1414 телефон нөмірінен сұрауға болады.
Бұған дейін осы іспеттес фейк ақпараттар тараған. Әлеуметтік желілерде «1414-тен келген SMS-ті ашпаңыз» деген ескерту келген. Сәуір айында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қауымдастығы eGov mobile қосымшасы мен сайтының бұзылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.