Қазақстанда сирек металл қоры бар 100-ден астам кен орны анықталды
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сирек металл, соның ішінде вольфрам, молибден және литий қоры бар 100-ден астам кен орнын анықтады. Бұл туралы Өнеркәсіп министрлігі Хабар24-ке сілтеме жасап хабарлады. Алдағы жылдары литий мен басқа да сирек металдарға сұраныс екі есе артады деп болжануда. Бұл олардың стратегиялық маңызын айтарлықтай арттырып, бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.
«Сирек металдар мұнайдың алдын орайтын күн жақын. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, алдағы 2-3 жылда литийге әлемдегі сұраныс екі есе өседі. Ал кобальт металы 70%-ға қымбаттауы мүмкін. Сондықтан қазіргі кезде сирек металдар – «жаңа дәуірдің мұнайы», – делінген телеарна сайтында.
Президент тапсырмасы аясында 2026 жылға дейін 2 миллион шаршы километрден астам аумақты барлау жұмысын аяқтау жоспарлануда. Бүгінде Қазақстан әлемдік экономика үшін ең маңызды 34 металдың 19-ын өндіреді. Басым бағыттардың қатарында аккумулятор өндірісінде сұранысқа ие литий және жоғары технологиялық жабдықта қолданылатын басқа да металдар бар.
Қазіргі уақытта 2 миллион тоннадан астам вольфрам, 1 миллион тонна молибден және 227 мың тонна литий барланған. Сондай-ақ тереңдікте тантал, ниобий, бериллий сияқты металдардың үлкен қоры бар.
Осмий-187 және калифорний сияқты бірегей сирек металдардың 1 граммының бағасы 10 мың доллардан басталады, калифорний қымбатырақ. Ашық дереккөздерде 1 грамм 4 миллион долларға бағаланады.
Сәуір айының басында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев моноқалалар маңында жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын пайдалы қазбалар қоры анықталғанын айтқан болатын. Жұмыс 2020-2022 жылдар аралығында жүргізілді.