11 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, боран соқты. Соған байланысты жауапты мекемелер сақтық амалын күшейтіп, тұрғындарға жолға шықпауды ескертуде.
«2024 жылғы 11 қазанда сағат 17:00-де Ақмола облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Астана – Петропавл» автожолының (18-304 шақырым аралығы) Астана қаласынан Көкшетау қаласына дейінгі учаскесінде автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды», – деп хабарлаған еді «ҚазАвтоЖол» ҰК.
«ҚазАвтоЖол» одан кейін сағат 19:30-дан бастап Солтүстік Қазақстан облысының аумағында бірқатар автожол учаскесінде шектеу қойылғанын мәлімдеді.
Ақмола облысында жолдың жабылуына байланысты СҚО бойынша мына учаскелерде көлікпен жүру тыйым салынады:
- А-1 «Астана – Петропавл» жолының 341-367 шақырымы (Ақмола облысының шекарасынан Тайыншы ауданы Келлеровка ауылына дейін);
- А-13 «Көкшетау – Омбы» жолының 50-54 шақырымы (Ақмола облысының шекарасынан Тайыншы ауданы Чкалово ауылына дейін);
- Р-11 «Көкшетау – Рузаевка» жолының 61-91 шақырымы (Ақмола облысының шекарасынан Айыртау ауданы Саумалкөл ауылына дейін).
Қостанай облысының полицейлері де жүргізушілерге жолда сақ болу керек екенін ескертті.
«Алдағы күндері аймақта жаңбыр мен қар, боран мен көктайғақ түрінде жауын-шашын күтіледі. Желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін, ал ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді», – деп хабарлады ІІМ.