Астанада жаппай төбелеске қатысқан жасөспірімдердің кейбірі сотталуы мүмкін
Астана қаласындағы жасөспірімдердің жаппай төбелесінен кейін, құқық қорғау және білім саласы органдары өкілдері мектеп және колледжерде түсіндірме жұмысын жүргізді.
Оқушыларға бақылаушы органның қызметкері қылмыстық оқиғаның салдары жөнінде ескертті.
«Сіздер, бәлкім, жасөспірімдер жиналып, жаппай төбелесуге тырысқандары туралы естіген боларсыздар. Оған қатысушылармен полиция бірнеше күн бойы жұмыс істеп жатыр. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды, бәрі есепке алынып, мектептен шығарылып, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияда қаралады, «ерекше көзге түскендер» сотталады, ата-аналары да жауапқа тартылады», — деді ол Т. Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейінде өткен жедел кеңесте.
Кейінгі жылдары 500-ден астам бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Кейбірі түзету мекемелерінде жазасын өтеуде. Прокуратура қызметкері кәмелеттік жасқа толмағандар да жазаға тартылатынын ескертті.
Кейбір қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, бопсалау, бұзақылық — осы қылмыстар бойынша 14 жастан асқан жасөспірімдер түрмеге қамалуы мүмкін. 16 жасқа толғандар барлық қылмыс түрі, оның ішінде есірткі мен қаруды заңсыз сақтау және айналым үшін де жауапқа тартылады.
Жасы 16-ға толмаған жасөспірім үшін ата-анасы жауап береді. Тіпті баланың әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылады.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Е. Байкеннің төрағалығымен №1 мектеп-лицейде өткен кеңеске білім басқармасы, полиция департаменті, прокуратура және ҰҚКД өкілдері, мектеп және колледж директорлары қатысты. Олар 70-тен астам білім мекемесін аралаған.
KursivMedia басылымы полицияның Астанадағы №37, №51 және №53 мектеп оқушылары арасында жаппай төбелес ұйымдастырды деген күдікпен 13 адамды ұстағанын жазды. Куәгерлердің айтуынша, алғашында бір топ жасөспірім өз құрдастарына шабуыл жасаған, кейін жауап ретінде одан да үлкен топ жиналған. Алайда полиция төбелеске 200-ден астам жасөспірімнің қатысқанын жоққа шығарады. Оқиғаның видеосы Instagram желісіндегі Astana_sergek парақшасында пайда болды.