QazaqGaz тарифтерін көтеруі мүмкін. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор мемлекеттік органдармен QazaqGaz тарифтерін көтеру мәселесін талқылап жатқанын мәлімдеді. Дегенмен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін газ арзандатылған бағамен сатылады.
«QazaqGaz газды халық пен бизнеске сатады. Газдың текше метрін 32 теңгеден алып, 23 теңгеден сатады. Яғни әрбір текше метрі үшін 10 теңгеге жуық шығынға ұшырайды. Әр мың текше метр газ үшін QazaqGaz 20 доллар жоғалтады. Сондай-ақ барлығына субсидия береді. Бірақ QazaqGaz-да қызмет көрсететін газ тасымалдау магистральдары бар. Егер компания өзі шығынға ұшыраса, оның жабдықтарын жөндеу үшін ақша алатын жері болмай қалады», – деді Жақыпов.
Жақыповтың сөзінше, бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры жауапты ведомствомен бірге тарифтерді көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Басқарма төрағасы тарифтердің нақты қаншаға көтерілетінін айта алмады. Алайда газдың өзіндік құнын жабуы және компанияға газ тасымалдау желісіне жоспарлы профилактикалық жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беруі аса маңызды екенін айтады.
«Бұл жұмыс маңызды және қажет. Біз оны жүзеге асырамыз. Бірақ мұның барлығын біз инфляция дәлізінде болу үшін жан-жақты саралап, байыпты түрде жасайтын боламыз. Сонымен қатар қазір «Әлеуметтік әмиян» жобасын пилоттық режимде сынақтан өткізіп жатырмыз. Цифрлық форматта әлеуметтік топтар газдың арнайы бағасын алады, ал әділ тарифті төлей алатындар мұны жасайды», – деп түсіндірді Жақыпов.
QazaqGaz 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына енгізілген. Осы жоспарға сәйкес компания 2025 жылы IPO-ға шығуы тиіс. Жақыпов QazaqGaz қор нарығына шығу-шықпауын дөп басып айта алмады, бірақ бұл үшін әділ тариф орнату қажет екенін айтады.
«Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. IPO-ның нәтижелі болуына бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, макроортадан, тарифтерді белгілеуден және IPO-ға үміткер шығаратын қызметтер мен тауарлардың бағасы сынды бірнеше фактілер оң нәтижелі болуы қажет. Яғни қолайлы макроорта болса, жоспарымызға сай әрекет ететін боламыз», – деді ол.
Айта кетейік, QazaqGaz 100% «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында компания 141,3 млрд теңге пайда тапқан.
Еске салсақ, QazaqGaz Aimaq компаниясы өз акционері – QazaqGaz-дан 509,1 млрд теңгеге 19 млрд текше метр газ сатып алатыны жайлы хабарлады. 1 текше метр газ бағасы 26,79 мың теңгеден сатылады.