Qazaq Air-ді вьетнамдық инвесторларға сату геосаяси ахуалға байланысты кешіктіріліп жатыр
«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Qazaq Air әуе компаниясын вьетнамдық SOVICO Group холдингіне сату бойынша мәміленің аяқталуы неліктен кешіктіріліп жатқанын түсіндірді.
Жақыповтың айтуынша, қазір мәміле аяқталу сатысында. Бұл процесс жыл соңына дейін толық шешіледі деп күтілуде. Десе де рәсімнің кешіктірілуінің бірнеше себебі бар.
«Мәміле жүріп жатыр. Алайда белгілі бір ескеретін жайттар бар. Жыл соңына дейін біз бұл келісімді толықтай жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Инвестор біздің нарыққа, макроортаға, іргелес мемлекеттерге және геосаяси жағдайға қатысты барлық ықтимал тәуекелді зерттеп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Таяу Шығыста геосаяси жағдай өзгерді», – деп жауап берді қор төрағасы KASE Talks шарасынан кейін журналистердің сұрағына.
Нұрлан Жақыпов қазіргі уақытта «Air Astana» Біріккен Араб Әмірліктеріне рейстері кейбір елдердің аумағы арқылы ұшуға мәжбүр екенін және бұл билет құнына әсер ететінін айтады.
«Операциялық қызметке байланысты осы сипаттағы барлық мәселе, әрине, ескеріледі. Сол себепті шетелдік инвестор осыларды мұқият зерделейді. Инвестор сатып алуға әрине ниетті, тұжырымдамалық оң шешім бар. Тек белгілі бір ескеретін мәселелерді қарастыруда», – деп толықтырды Жақыпов.
Бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев қазақстандық әуе тасымалдаушы компанияны сату қыркүйек айының соңына жоспарланғанын айтқан болатын. Министр келісімшарт негізінде вьетнамдық компания Qazaq Air-дің бүкіл қарызын төлейтінін атап өткен еді. Әуе компаниясының қарызы 38 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар жаңадан 20 ұшақ қосуға міндеттеме алған.
SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 млрд долларды құрады.