Жаңалықтар

«Қазсушар» мекемесі суды заңсыз пайдалану фактісінен кейін, техникалық паркін жаңартпақ

«Қазсушар» мекемесі суды заңсыз пайдалану фактісінен кейін, техникалық паркін жаңартпақ / Фото: gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» мекемесі суды заңсыз пайдалану фактісінен кейін, техникалық паркін жаңартпақ. Ведомсвто «Қазсушар» филиалдарына 760-қа жуық жаңа техника сатып алынатынын хабарлады. Осылайша каналдарының қызметін жақсартып, қоймаларда су сақтау көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Өйткені министрлік бұған дейін Алматы облысындағы «Қазсушар» филиалындағы заң бұзушылықтарды анықтады. Онда суды заңсыз пайдалану фактісі орын алып, салдарынан мемлекетке 20 млн шығын келген.

Министрліктің Стратегиялық жоспарлау және талдау басқармасының басшысы Бақберген Әбсеновтің айтуынша, «Қазсушар» филиалдарына 757 жаңа техника және арнайы жабдықтар сатып алынады. 

Оның ішінде шынжыр табанды техника, эсковаторлар ауыр жүк көліктері мен тракторлар бар. Бұдан бөлек жаңадан 8 жер снаряд алынды. Бұл су қоймасының түбін түрлі шөгінділерден тазартуға арналған кемелер. Арнайы техника каналдардың су өткізу қабілетін арттыруға, су қоймаларының экологиялық  жағдайын жақсартуға және қосымша бос орын есебінен су сақтау көлемін ұлғайтуға  мүмкіндік береді.  

«Айта кету  керек, ауқымды техника жаңарту жұмысы Су ресурстары және ирригация министрлігімен өнеркәсіпті дамыту қорының бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылуда», – деді басқарма басшысы Бақберген Әбсенов.

Министрлік алдағы жылдары да  су шаруашылығы техникаларының 65-70%-ын  жаңартпақшы. 

Айта кетейік, министрлік аталған мекемеде суды заңсыз пайдалану бойынша өрескел заң бұзушылықтар да анықталды. Мәселен, Алматы облысындағы «Қазсушар» филиалында суды заңсыз пайдаланғандар 20 млн шығын келтірген. Тіршілік нәрін тиімсіз пайдаланудан бөлек, мемлекеттік сатып алуда да заңсыздықтар болған. Бұл бойынша материалдар уәкілетті органдарға жіберілді. 

«Алматы облысының Күрті ауданында шаруа қожалықтарының суармалы суды жергілікті «Қазсушар» филиалымен келісімшартқа отырмай пайдаланғандары анықталды. Атап айтқанда, 100 гектар егіс алқабын суару үшін суды заңсыз алған. Сондай-ақ кейбір гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты каналда қосымша су шығыны анықталды. Яғни, филиал басшылығының нысандардың техникалық жай-күйіне жеткіліксіз бақылау жүргізуіне байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану және есебін жүргізу оқиғалары тіркелді», – делінген хабарламада.

Ал  мемлекеттік сатып алуда заң бұзу фактілеріне келер болсақ, филиал заңды және ішкі нормативтік құжаттарды бұза отырып, бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы 7 келісімшарт жасасқан. Осыған дейін, 2023 жылғы шілдеде жалпы сомасы 17,5 млн теңгеге Сол жағалау магистральды каналының жер бөлігін механикалық тазалау қызметін көрсетуге осындай тәсілмен шарт жасалған. Яғни заң бұзушылық жүйелі түрде қайталанған.

Айта кетейік, 2029 жылы болуы мүмкін су тапшылығының алдын алу мақсатында министрлік саладағы заң бұзушылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, айыппұлды күшейтуді жоспарлар отыр.