Жаңалықтар

Qalam-ның қызықты топтамалары: италиялықтардың Орталық Азиядағы таңғажайып хикаялары, қазан мен әйел

Фото: Qalam

Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін, ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада: италиялықтар Орталық Азияға қалай және қашан келді, түркі халықтарындағы қазанның символдық мәні және палеонтолог Александр Марковтың «Адамдар қайдан шықты?» деген тақырыптар жарияланды.

Италиялықтардың Орталық Азиядағы таңғажайып хикаялары

Еуропалықтарды ежелден бері Шығыстың байлығы қызықтырды. Жібек, мақта, дәмдеуіштер, асыл тастар мен металдар орта ғасырлық Батыста ерекше бағаланған шығыс тауарларының бір парасы. Алайда сол кездегі көліктің даму деңгейін ескерсек, оларды Еуропаға жеткізу қиын болды. Шығысқа сапар айларға, тіпті жылдарға созылды және өте қауіпті іс болып көрінді. Бірақ пайда табу үшін жердің қай түкпіріне болсын аттануға әзір тұратындар жетерлік. Ендеше, бұрынғының осындай ержүрек кәсіпкерлері туралы тұщымды материалымызға зер салыңыз.

Қазан мен әйел

Қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің петроглифтерінде күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар өте сирек бейнеленген. Аса бір қасиетті мәні жоқ нәрсені тасқа қашап, мәңгіге қалдырудың қажеті қанша? Сондықтан да Жамбыл облысындағы Құлжабасы петроглифтерінің бірінде егжей-тегжейлі бейнеленген қазан суретін ас пісіретін қарапайым ыдыс ретінде ғана емес, ерекше мәні бар символ деп болжауға болады.

Адамдар қайдан шықты?

Энгельс адамды адам еткен еңбек деп есептеді. Алайда қазіргі ғалымдар біздің түрдің қалыптасуына махаббат, балалық таңырқау сезіміміз бен ұзақ қашыққа жүгіруіміз еңбектен де зор ықпал етті деп санайды. Палеонтолог Александр Марков Qalam-ға арналған жаңа лекциялар курсында саналы адамның қалайша және неліктен пайда болғаны жайында баяндайды.

1-дәріс. Біз неліктен екі аяққа тік тұрдық?

Адамда қайсысы бастапқы — рух па, әлде дене ме деген сұрақты мыңдаған жыл бойы философ, дін ғалымы мен ақын біткен талқылап келеді. Пікірталастың дәл осы түрі өте қызық әрі әсерлі болғанымен, әдетте нақты қорытындыға әкелген емес. Ал осы мәселені биологтар қарастыра бастағанда, жауап біртіндеп қылтия бастады да өткен шақ тұманнан сейіле түсті. Бұл курс адамның эволюциясына және «қоршаған ортаның» онда қандай рөл атқарып келгеніне арналған.

2-дәріс. Ең әуелі неке болды

Адам эволюциясының даму жолы мен механизмі туралы гипотезаның басым көпшілігі дәстүрлі түрде адамның екі ерекшелігінің айналасында шоғырланған: үлкен ми және күрделі құралдарды қолдану дағдылары. Алайда кейбір жетекші ғалымдар, олардың ішіндегі ең танымалы Оуэн Лавджой, шығу тегімізді түсінудің кілті үлкейген мида немесе тас құралдарында емес деп есептейді (бұл белгілер гоминидтердің эволюциясында салыстырмалы түрде кеш пайда болған), керісінше, «адамзаттың» эволюция жолының жыныстық мінез-құлық, отбасылық қарым-қатынас пен әлеуметтік ұйымдасумен байланысты басқа ерекше қасиеттерінде жатыр.